Франциядағы мемлекеттік қызметкерлердің қарсылық науқанына 139 мың адам қатысуда. Бұл туралы Францияның ішкі істер министрлігі нақты мәлімет берді, деп хабарлайды Le Dauphine агенттігі.
Францияның өзге аймақтарын айтпағанның өзінде, бір ғана Париж қаласында 15 мың адам қарсылық науқанына шыққан. Ал, аталған мекеменің мәліметінше, Францияның түрлі аудандарында бүгінге дейін өткен қарсылық акциясының саны 180-ге жеткен. Бұған дейінгі хабарларға қарағанда, митингке шығушылар мен полицейлердің арасында қақтығыс орын алып, құқық қорғаушылар шерушілерге қарсы газ бен суатқыштар пайдаланған. 118 адам тұтқынға алынған.
Естеріңізге салайық, 22 мамыр күні Францияның барлық аймағында мемлекеттік қызметкерлердің, теміржолшылардың және әуежай қызметкерлерінің жаппай шеруі өткен еді. Бүгінде Францияның түрлі аймақтарында қарсылық науқанына шығушылар әлі де бар, деп хабарлайды ақпарат құралдары. Ереуіл мен қарсылық науқандары президент Эммануэль Макронның реформасына қарсылық ретінде ұйымдастырылды. Айта кетейік, бұған дейін Макрон, SNCF Ұлттық теміржол компаниясы қызметкерлеріне арналған жеңілдіктер мен арнайы мәртебені жою, сонымен қатар, 120 мың мемлекеттік қызметкерді жұмыстан қысқарту арқылы реформа жасайтынын хабарлаған еді.