«Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы «BAYAN SULU — 2018. Халықтық бейне — Халық таңдауы» жобасын ұйымдастырып, қазақтың нағыз Баянының қандай болатынына таңдау жасады. Бүгін, Алматыда осы байқаудың қорытындысына байланысты баспасөз құралдарына арналып өткен жиында, ұйымдастырушылар алқасы байқауға қатысты көптеген мәліметтерімен бөлісті.
Естеріңізге салайық, байқау онлайн-дауыс беру түрінде өтіп, 13 мамыр күні ең көп дауыс жинаған 5 қатысушының есімі анықталып, финалдық кезеңге өткен болатын. Ақыры, 19 мамырда ғылым, мәдениет, дизайн, БАҚ өкілдері және медиа-тұлғалардан құралған әділқазылар алқасының қатысуымен түрлі кезеңдерден өткен қатысушылар арасынан нағыз «Баян сұлуға» таңдау жасалды. Мыңдаған арудың арасынан 19 жастағы астаналық ару Адинай Римхаш оқ бойы озық шыққан.
«Бұл байқауды ұйымдастыруымызға жыл басында эфирге шыққан «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» сериалы түрткі болды. Өздеріңізге де белгілі, аталған сериал халыққа ұсынылғаннан кейін, көпшілік тарапынан Баян сұлудың образына қатысты түрлі сындар толастамады. Халық сериалдың бас кейіпкерінің бойынан қазақтың Баянын көре алмайтындарын айтып, наразылық білдірді. Ақыры, біздің фабрикамыздың атауы да қазақтың қастерлі есімімен, аңыз тұлғасымен байланысты болғандықтан, қарап қала алмадық. Біз өз атымызға лайық түрде, Баян сұлуды таныстыруды жөн көрдік», - деді Ұйымдастыру алқасының төрағасы Марлен Абулғазинов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпазды анықтау қиынға соққан. Себебі, үміткерлердің барлығы да бір-бірінен өткен сұлу әрі қазақ қызының бар қасиетін бойларына жинаған. «Сондықтан, біз тек Баян сұлудың бет-бейнесіне лайық деп танылған Адинайды ғана емес, финалға өткен өзге төрт қатысушымызды да түрлі сыйлықтармен марапаттадық», - дейді ұйымдастырушылар. Жеңімпаз-ару супер-жүлде автокөлікке ие болып, "Баян сұлу" кондитерлік фабрикасының бет-бейнесі атанды. Енді, Адинай Римхаштың бейнесі бір жыл бойы фабриканың бет-бейнесі ретінде оның барлық өнімдері мен таныстырымында қолданылмақ. Айта кетейік, ұйымдастырушылар комитетінің айтуынша, байқау енді жыл сайын, дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.
«Байқауға қатысуыма анам мен құрбым себепші болды. Жеңімпаз атанам деп ойламадым. Тек ұйымдастырушылар қоңырау соғып, үздік шыққанымды айтқанда, қатты қуандым. Мен бұған дейін қандай да бір байқауға қатысуға қызықпадым. Ал «Баян сұлу» фабрикасы ұйымдастырған байқау мен үшін барлық жағынан ыңғайлы болды. Мәселен, өзге байқаулардағы секілді ашық-шашық киімдермен подиумға шығу, жалаңаш тәніңді көрсету секілді талаптар болмады. Кесірінше, ибалықтан аттамай, өзіңді нағыз қазақылық дәстүрде көрсету керек еді. Мен ең алдымен ата-анамды, ағаларымды ұятқа қалдырмау жағын ойладым», - дейді «BAYAN SULU — 2018. Халықтық бейне — Халық таңдауы» жобасының жеңімпазы Адинай Римхаш сайтымызға берген арнайы сұхбатында.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 20 ақпан күні басталып, 3 айға жалғасқан байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 23 000-ға жуық үміткер өтініш білдірген. Соның ішінде арнайы модерациядан 3000 өтініш қабылданған. Байқау 4 кезең бойынша өтіп, онда өзін-өзі таныстыру және дизайнерлік киімде сәнді дефиле, Баян сұлу обзазын қалай түсінетінін дәлелдеп, көрсету, би және сөз сөйлеу, кәсіби ансамбльдің сүйемелдеуімен ән орындау және жол жүру ережесі туралы сауалдарға жауап беру сынды талаптар болған. "Қазылар құрамында танымал тұлғалар, мәдениет және өнер майталмандары мен дизайнерлер болды. Сондықтан да, үздік образды таңдау барысында максималды түрде объективті болуды мақсат еттік" , - деді, ұйымдастыру комитетінің төрағасы М.Абулғазинов.