Сербия Таулы-Қарабақ мәселесінде қашан да Әзірбайжанмен бірге – деп хабарлайды oxu.az ақпарат көзі.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, мамыр айының 22-і күні Сербия президенті Александр Вучич Әзірбайжан мәжілісінде Таулы-Қарабақ мәселесіне қатысты сөз сөйлеген. Онда ол: «Әзірбайжан Сербияның жақын досы. Біз Таулы-Қарабақ мәселесінде қашан да Әзірбайжанмен біргеміз. Сербия Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қолдайды» - деп мәлімдеген.
Естеріңізге салайық, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы-Қарабақ жанжалы 1988 жылы басталған. Екі ел арасындағы соғыс өртінің тұтануына Таулы-Қарабақ автономиялық ауданындағы армиян халқының Әзірбайжан ССР-нан бөлініп, Армения ССР-на қосылу бастамасы себеп болған. 1988 жылы Таулы-Қарабақтағы армиян халқы Армения ССР-ның қолдауымен аудандағы әзірбайжандарды аяусыз басып-жаншыған. Салдарынан әзірбайжан халқы Бакуге қоныс аударып, сонда тұратын армиян диаспорасынан кектерін алған. Бірақ олардың бұл істеріне Кеңес үкіметі бейжай қарап отырмаған. 1990 жылдың 19 қаңтарында Кремльдің бұйырығы бойынша, жергілікті биліктің келісімінсіз Бакуге әскер кіргізілген. Бұл Таулы-Қарабақ жанжалын одан сайын ушықтырған. Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғыс 1994 жылға дейін жалғасқан. Таулы-Қарабақ Армения құрамына кіргенімен ресми Баку оны әлі күнге дейін мойындамайды. Осы тұста айта кететін бір жайт, осыдан бірнеше жыл бұрын Армения билігі Қазақстанды Таулы-Қарабақ ауданын мойындауға шықырған. Бірақ Астана ресми Ереванның бұл ұсынысын қанағаттандырмаған.