Америкалық «Forbes» журналы 2018 жылдың ең ықпалды 75 адамның тізімін шығарды. Таңқаларлығы, аталған басылым әлемдік ең ықпалдылар қатарына Қытай басшысы Ши Жинпиңді бірінші орында атапты. «Forbes» тізім соңында: «Әлемде 7 миллиард адам жасайды, бірақ, аталған 75 адам соларды басқарады», – деп жазған. Бұл туралы BBC шолу жасаған.
Қытайдың биліктегі компартиясы елдегі Конституцияға өзгеріс енгізіп, мемлекет басшысының өкілетті мерзіміне деген шектеуді алып тастаған еді. Демек, қазіргі Қытай басшысы Ши Жинпиң (Xi Jinping) 2023 жылдан кейінде билікте қалуы бек мүмкін. Бұған дейін Қытай Конституциясында мемлекет басшысы бес жылдан екі өкілетті мерзімге ғана ел басқаратын болған. Шиге дейінгі Қытай лидерлері бұл ережені берік ұстанып келген. Алайда, Ши таққа отырысымен елді өз ереже-түзімімен басқаруға дайын екенін көрсете бастаған.
Ши Жинпиң (Си Цзиньпин/Xi Jin Ping) 1953 жылы туған. Оның әкесі Қытай Коммунистік партиясының негізін қалаушылардың бірі болған. 1974 жылы Ши ҚКП қатарына өтіп, содан бастап саяси карьералық өсу жасап, 2013 жылға келгенде ҚХР төрағасы болған. Билікке келісімен бірқатар саяси және экономикалық реформалар жасады. Алайда, BBC сараптауынша оның билігі кезінде елдегі ұлтшылдық өсіп, жеке тұлғалардың және этникалық азшылықтардың құқықтары шектеулерге ұшыраған.
2018 жылғы ең ықпалды адамдар тізімінде шексіз мерзімге билік жүргізе алатын Қытай басшысы Ресей президенті Владимир Путинды артта қалдырған. Аталмыш тізімде, Путин екінші орында жайғасқан. Наурыздағы президент сайлауында Путин 77 пайыз дауыс жинап, төртінші рет президент болып сайланған еді. Бұнымен ол 18 жылдық билігін жалғастырды. Путин Ресей Федерациясының президенті және премьер-министрі болып тұрған дәуірде ел экономикалық өсуге және әскери экспансияға жетісіп, Ресей қайталай ірі державаға айналды деп бағаланған.
Дегенмен, Ресей оппозициясы Путинды «патша» немесе «император» деп атасады. Оны 18 жыл ішінде Ресейдің жас демократиясын жермен-жексен етті деп айыптайды. Қазіргі таңда орыстың қуатты армиясы сол елдің ұлттық негіздерінің бірі болып қалыптасты. Алайда, Кеңес одағы тұсында қызыл Кремль «Қырғиқабақ соғыс жылдарында» бюджеттің басым бөлегін армияны қуатты етуге жұмсап, оның соңы тұтас одақтың банкот болуына апарып соққан еді. Путин билікке келісімен тұралаған армияға қаржыны аямай салды. Сонымен бірге, Путин билігі тұсында орыс әскерлері өз қуатын Шешенстан, Грузия, Украина және Сүрия жерлерінде өз қуатын көрсетті.
АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің ең ықпалды адамдары тізімінде үшінші орында тұр. Трамп миллиардер және саясаткер, Республикашылдар партиясының мүшесі. 1946 жылы 14 маусымда Нью-Йорк штатында туған. 13 жасында әскери академиясына оқуға түсіп, ең алдынғы қатарда тамамдаған. 2015 жылы 16 маусым күні АҚШ-тың 45-ші президенті болуға күш салатынын мәлімдеген. 2016 жылы мамырда өз партиясы ішінде бірден бір үміткер болып қалды. 18-21 маусымында Республтикашылдар партиясы оны бірден бір кандидаты ретінде ұсынды.
2016 жылы президент сайлауында жеңгеннен кейін Құрама Штат пен әлем саяси аренасында көптеген тосын істер туылды. Оның ішкі-сыртқы саясаттарының қай-қайсы да дау-дамайға мұрындық болып келеді. Алайда, соған қарамастан Трамп бәрін дегенімен орындап келеді. Иерусалимді Израиль астнасы ретінде мойындайтынын айтқанда, бұл қадамның үлкен қайшылыққа ұластанын барлық елдердің саясаткерлері айтқан еді. Алайда, Трамп дегеніне жетіп, АҚШ елшілігін Құдысқа (Иерусалим) көшірді. Салдарынан 60-қа тарта палестиналық қаза тауып, 2500-ге жуық адам жарақат алған қақтығыс орын алды.
Трамп үлкен қуатқа ие алып державаның билігін ұстап отыр. АҚШ өзге елдермен салыстырғанда әлемдік альянстарының барлық түйіні бар десе де болады. АҚШ армиясының қуатына тең келетін қарсылас та жоққа есеп. «Үлкен 20» елдері арасында да көптеген елдер өз қауіпсіздігі үшін Құрама Штатқа жанбасқыш. Дегенмен, Трамптың жұрт көзіне сыймайтын әрекеттеріне қарағанда, президенттің билігінен өзге билік институттары бекем көрініп келеді.
Төртінші орындағы Германия канцлері Ангела Меркель әлемдегі ең ықпалды әйел болып бағаланған. Ол былтырғы сайдауда төртінші рет жеңіске жетті. Меркельге прагматикалық және ақылды лидер ретінде баға беріліп келеді. Тіпті оны «Германия патшайымы» немесе «Еуропа патшайымы» деп те бағалап жатады. 2005 жылы тұңғыш рет Германияның әйел канцлері ретінде билікке жетті. Оның саясатын сынап-мінейтін топтар «саясаты да өзінің киіну талғамы секілді қарабайыр» деген сөздер айтады. Алайда, Ангела Меркель шаш үлгісі немесе көз бояғына көңіл бөліп, бас ауыртқан адам емес. Ол ел ішіндегі және еуропалық дағдарыстарда елін сәтті алып шыққан лидер ретінде ел тарихында қалып отыр.
Бесінші орын миллиардер өкіліне тиген. «Амазон» компаниясының басшысы Жефф Безос бесінші ықпалды адам ретінде бағаланған. Аталған басылым былтыр ғана Безосты әлемдегі ең бай адам қатарында таныған. Оның салықтан тыс табысы 105,1 млрд АҚШ долларына жетті. Оның «Амазон» компаниясында 16 пайыздық үлесі бар. Аталған компания әлемдегі ең үлкен онлайн сауда-саттық тармағы. АҚШ, Еуропа, Қытай, Канада, Үндістан және Жапония секілді елдерінде орталықтары бар. Сарапшылар Жефф Безосты Жер планетасындағы алғашқы триллонер болуы мүмкін деп болжайды.