Солтүстік және Оңтүстік Корея 16 мамырда «өте жоғары деңгейде» жаңа бір кездесу өткізуге шешім шығарды, деп хабарлайды Dw.com телерадио компаниясы оңтүстіккореялық ресми органдарға сілтеме жасап.
Кездесу екі елдің шекарасы түйісетін Пханмунджом шекаралық елдімекенінде өтеді. Ғимаратының, тіпті үстелінің де жартысы оңтүстік Кореяға, жартысы Солтүстік Кореяға тиесілі аталған ауылда 27 сәуір күні екі ел басшыларының тарихи кездесуі өткені белгілі. Сонда Солтүстік Корея жетекшісінің 1953 жылдан бері алғаш рет Оңтүстік Корея жеріне табаны тиген екен. Кездесу соңында Оңтүстік Корея президенті де өзінің 2018 жылдың күзінде солтүстіктегі көршісіне баратын ойы бар екенін айтты.
Ендігі жаңа кездесу барысында Пхеньян мен Сеул делегациялары бұдан бұрын келісілген келісімшарттарды, әсіресе Корей жарты аралындағы ядролық қарусыздандыру мәселесі туралы келісімшартты іске қоспақ.
Айта кету керек Сеул мен Пхеньян бір-біріне жақындасып келеді. Мәселен, 4 мамыр күні олар сағат белдеуіне қатысты ортақ мәмілеге келіп, КХДР уақыт өлшемін Оңтүстік Кореяның сағатымен бірдей еткен еді. Сонымен қатар, Солтүстік Корея Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ICAO) Оңтүстік Кореяға авиамаршрут ашуға өтініш жасаған болатын.
Ал, Ким Чен Ын 12 маусым күні Сингапурде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуге дайындалуда. Трамп өзінің «Twitter» желісіндегі парақшасында: «Екеуміз де осы кездесудің бүкіл әлем үшін ерекше сәтке айналуына барымызды саламыз», - деп жазды. Бір қызығы, Ким Чен Ын КХДР басшыларының тарихында америкалық лидермен жүзбе-жүз кездесетін алғашқы президент болмақ.