Иран депутаттары Доналд Трамп шешімін жариялағаннан кейін, Парламент ғимаратында АҚШ-тың қағаз жалауын өртеді. Бұл туралы Би-Би-Си хабарлайды.
Олар сондай-ақ, «Америка ажал құшсын!» деген ұранмен 2015 жылдың шілдесінде Иран, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Франция, Германия және Қытай арасында жасалған келісімшарттың көшірмесін де отқа жақты.
«Ислам республикасы АҚШ-ты ақылға келуге шақырады. Олар Иранның ядролық бағдарламаға қатысты енді ештеңеге міндетті емес екенін білулері тиіс» , - деді, Иран парламентінің спикері Әли Лариджани.
Қазіргі таңда Ақ үй мәлімдемесі бүкіл әлемде кеңінен талқылануда. Ирандықтардың да көпшілігі Америка билігіне осы мәселені шынымен де біржақты еткісі келмейді деп кінә артады.
«Біз АҚШ-ты білеміз. Олар ешқашан өз міндеттерін орындаған емес! Бұл келісімшарт АҚШ-ты бізге азын-аулақ доллар беруге ғана мәжбүрледі. Алайда, қазір доллар бағасы ұшып тұр. Бұл келісімшарт жағдайымызды төмендеткенімен қоймай, бізді одан сайын мүшкіл хәлге түсірді», - деді Иран депутаттары.
Еске салайық, кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық келісімшартынан бас тартатынын және Теһранға (Тегеранға) қарсы ең жоғары санкция салуға шешім шығарғанын мәлімдеген болатын.