АҚШ президенті Дональд Трамп еліне сапарлай келген Франция президенті Макронмен кездесу кезінде АҚШ-тың экономика мен сыртқы саясаттағы бірқатар ұстанымдарын ашық ортаға салды. Соның бірі – АҚШ-Қытай арасындағы сауда қақтығысы. Трамп кешегі мәлімдемесінде, Қаржы министрі бастаған экономика-сауда өкілдері мен кеңесшілері келесі аптада Қытайға сапарлай баратынын жеткізді. Бұл туралы VOA ақпараттық сайты хабарлаған болатын.
Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы бұл жаңа келіссөзден үлкен үміт күтетінін білдірді. АҚШ Қаржы министрі Нучин бастаған жоғары лауазымдылар Бейжің сапарында екі ел арасындағы сауда дауын шешіп, жаңа келісімге келеді деп күтілуде. Дегенмен, Трамп Макронмен кездесу кезінде Қытай үкіметіне қарата ескерту жасап, егер Қытай тарабы ашық сауда қарым-қатынасын жолға қоймаса, Құрама Штат қытайлық тауарларға құны 150 млрд доллар көлемінде қосымша кеден бажы салығын енгізетінін атап өтті.
Трамп сөз арасында Қытай басшысы Ши Жинпиңді (Си Цзинпин/Xi Jinping) «досым» деп атап, оның соңғы жаңа экономикалық саясатындағы шетелдік компанияларға жасаған жеңілдіктері мен шетелдік нарыққа ашық саясатына оң бағасын берді. Ол сөзінде: «Біз келісімге келер болсақ, екі елдің бірге жететін мүмкіндіктері өте көп. Бірақ, олар әлі де кедергілерді алып тастамай отыр», – деді.