Сауд Арабия ханзадасы Мұхаммед Бин Салманның (МБС) өткен айда Мысыр, Ұлыбритания және Франция елдеріне ресми сапармен барғаны белгілі. Сондай кезекті сапарының бірі — АҚШ-қа жасаған 18 күндік іссапарында сол елдегі әр саланың бетке ұстар өкілдерімен, ұйымдарымен кездесіп, сондағы мәлімдемелері қазірге дейін күн тәртібінен түспей талқылануда.
МБС-ның қайта құруға бағытталған сондай мәлімдемелері АҚШ пен Батыс елдерінде «МБС Сауд Арабиясын түбегейлі өзгертпек пе?», «МБС Сауд Арабиясында әйелдердің құқығын үстем етпек», «Ханзада Салман Сауд Арабиясының тарихын қайтадан жазбақ» деген мәндегі болжамдарға арқау болып тұр.
Шынында да, МБС-ның Ұлыбританияға, Францияға жасаған сапары мен Техаста Бушпен кездесуі, жалпы АҚШ сапары экономикалық және саяси тұрғыдан өте маңызды. Сонымен қатар, көпшілікке де ерекше әсер қалдырғаны рас. Жоғарыда аталған елдерге барған кезінде «Киноиндустрия», «ғарыш саяхаты», «ғылыми-технологиялық ақпараттармен алмасу», «әлемдік деңгейдегі әртістер қатысатын концерттер», «джаз фестивальдері», «кино-театр залдарын» ашу сияқты мәселелерде әлемнің ең ірі компанияларымен (Harvard, MIT, Hollywood, Silikon Vadisi, Amazon, Apple, Microsoft, Walt Disney, Boeing, Virgin Galactic, Lockheed Martin) және өзге де яһуди-христиандық ұйымдармен келісімшарттар жасағаны мен мұсылмандар басқаратын бірде-бір ұйымға бас сұқпауына қарап, сарапшылар Мұхаммед Бин Салманның Сауд Арабиясына қатысты ұстанымы өзгеруде деп бағалайды. Соның ішінде, ел назарын ерекше аударған «Washington Post», «Times» және «The Atlantic» сияқты ірі медиа агенттіктеріне «Уахабшылдықты Америка қалағандықтан тараттық» деп мәлімдеуі біраз даудың шетін шығаруда.
Анығырақ жазсақ, «Washington Post» басылымына берген сұхбатында МБС Қырғиқабақ соғысы кезінде АҚШ-тың талабымен коммунизмге қарсы уахабшылдықты таратқандарын айтқан болатын. Ал, «The Atlantic» газетіне берген сұхбатында: «Коммунизм барлық жерге тарап жатқан уақыт еді. БҰҰ, Еуропамен бірге бізге де қауіп төндіре бастады. Сол уақытта коммунизмнен құтылу үшін кімді тапсақ, сонымен жұмыс істедік», - деген еді.
Жалпы, көзі қарақты оқырманға да түсінікті, ханзада Салманның «Сауд Арабиясының Американың талабымен уахабшылдықты таратқаны» туралы мәлімдемесінен олардың кеңестер құрамынан шыққан елдерге қатысты қандай саясат ұстанғанын ашықтан-ашық мойындағанына куә бола аламыз.
Ендеше, арадан қаншама уақыт өткеннен кейін шындықтың бетін ашуының астарында не жатыр? Ол осы мәлімдемесі арқылы Сауд Арабиясының уахабшылдықтан бас тартатынын тұспалдады ма? Алайда, жылдар бойы мұнайдан түскен табысының ауқымды бөлігін уахабшылдықты жаюға жұмсаған Сауд Арабиясы уахабшылдықтан оңайлықпен бас тарта қояр ма? Бас тартқан күннің өзінде де, «төбеден түскендей» болған осы шешім қаншама жыл бойы уахаби-сәләфилікпен танылған Сауд Арабия халқына қалай әсер етпек? Бұларға нақты жауап беру қиындау болса да, Саудия халқын жақсы танитындар негізінде қоғамның басым көпшілігін құрайтын және жалпы алғанда гедонизм өмір сүру салтын ұстанатын жастар мен әйелдердің елдегі уахаби-сәләфилік режимге наразы екенін жақсы біледі. Сондай-ақ, статистикаға сәйкес, Сауд Арабия халқының 70 пайызын 30-ға толмаған жастар құрайды екен. МБС да осыны білгендіктен, «уахабшылдықтан бас тарту» туралы мәлімдемесін осы буынды көздеп айтқан деген жорамал бар.
Сауд Арабиясы ханзадасының «уахабшылдықты Америка қалағандықтан жайдық» деген мәндегі мәлімдемесінің астарында не жатқаны халықаралық сарапшылар тарапынан әлі зерттелуде. Негізі МБС бұл істің Қырғиқабақ соғысы кезінде болғанын айтады. Ал ол 2017 жылғы «Байсалды ислам» атты мәлімдемесінде, радикал-уахабби түсінігінің Сауд Арабиясында 1979 жылғы Иран төңкерісінен кейін қалыптасқанын баса айтқан еді.
Расында да, 2017 жылдың қазан айындағы «Байсалды ислам» мәлімдемесінен соң, МБС бұрын «харам» санап келген «Ғашықтар күнін» тойлаудың еш әбестігі жоқ деп, ол аздай әйелдер қауымының қоғамдық өмірде «жабынып» жүруге мәжбүрленбейтінін әрі оларға спортпен шұғылдануға рұқсат етілгенін жариялаған еді. Осындай бұрын-соңды оғаш саналып келен тиымдарынан-ақ, МБС-ның уахаббизмнен бас тартуға деген ұмтылысын аңғаруға болады.