"ББС", "Рейтер" сияқты халықаралық көптеген ірі ақпарат құралдары Өзбекстанда орын алып жатқан өзгерістер туралы жарыса хабар таратуда.
Өзбекстанның бұрынғы президенті марқұм Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін оның орнына келген Шевкат Мирзияевтың реформашыл әрекеттері соңғы уақытта әлем баспасөздерінің назарынан түспей тұр. Президент Мирзияевтың елдің "жабық саяси ұстанымын" өзгертуі Өзбекстанға қатысты қалыптасқан пікірлерді де өзгертуде. Мәселен, "The New York Times" басылымында Эндрю Хиггинстің қаламынан шыққан "Авторитаризм таралып жатқанда Өзбекстанда бәрі керісінше" деген мақалада Өзбекстанда жүргізілген реформаларға баса назар аударылған. Мақалада автор әсіресе И.Каримов билік еткен уақыттың ел тарихында қаншалықты қатаң кезең болып қалғанын да еске салып, Мирзияев кезінде осы жағдайдың жақсы жағына қарай өзгергені туралы жазған. Үстінен көптеген арыз-шағым түскен Өзбекстан Ұлттық Қауіпсіздік Қызметінің жойылуы, өзбек отандастарының қайтадан орала бастауы, көптеген журналист пен саяси тұтқындарға рахымшылық жасалуы және мақта шаруашылығының жойылуы сияқты өзгерістер де назардан тыс қалмаған. Мақаланың соңында билік басында әлі де бұрынғы қызметкерлердің көп екені айтылып, көп нәрсенің әлі де болса бұрынғыша екені жазылған.
Ал, "BBC"-де "Өзбекстан шынымен де әлемге есігін ашты ма?" деген тақырыптағы мақала оқырмандарына жол тартты. Мақалада 2005 жылғы Әндіжан оқиғаларынан кейін елден кетуіне үкім шығарылған "BBC"-дің өзбек қызметінің қайтадан жұмыс істей бастағаны айтылған. Сонымен қатар, аз ғана уақыттың ішінде жүргізілген реформалардың кесірінен шиеленіскен жағдайға қарамастан, ел азаматтарының көбісінің Мирзияев билігін "ұнатып қалғаны" жазылған.
"Рейтер" ақпараттық агенттігінде Өзбекстанның «Human Rights Watch» халықаралық адам құқығын қорғау ұйымымен қайта жұмыс істей бастағаны, аталған ұйым тарапынан жарияланған Өзбекстанның сөз бостандығы туралы айтылған. Сонымен қатар "NY Review of Books" ақпараттық сайты да "Өзбекстанда жаңа кезең басталды ма?" деген тақырыппен, өз-ағаңдарда орын алған өзгерістерге тоқталған.
Жалпы, Өзбекстанды Мирзияев басқармай тұрып, әлем халықтары ол елге "жабық мемлекет" ретінде баға беретін. Себебі, Каримов кезінде өзбектердің қандай да бір әскери-саяси одақтарға мүшелікке ниетсіз ұстанымы, жалпы оқшау саясаты басқа елдер үшін жұмбаққа толы еді. Ал 2016 жылдан бастап Өзбекстанды басқарып келе жатқан Мирзияевтың сол ұстанымды өзгертіп, басқаша саясат жүргізгені белгілі.