Осыдан бірнеше күн бұрын әлемдік ғарыш саласының зерттеушілері мен Қытай ғарыш саласынының мамандары 2011 жылы қыркүйек айында орбитаға ұшырылған "Tiangong-1" атты ғарыш кемесінің 30 наурыз бен 3 сәуір аралығында жерге құлайтынын хабарлағаны туралы жазғанбыз. Енді, қытайлық "Шиньхуа" ақпарат агенттігі таратқан хабарға қарағанда, аталған ғарыш кемесінің бүгін сағат 00:15-те (Астана уақытымен) жерге "қайтқандығы" және оның ауқымды бөлшегінің жердің атмосфера қабатына өтер-өтпес өртеніп, ал қалған бөлшегінің Тынық мұхитының оңтүстігіне құлағаны белгілі болды.
"Tiangong-1"-ғарыш кемесі жерге Қытай Ғарыштық инженерлік бюросы (CMSEO) жасаған болжамға сәйкес, дүйсенбі таң алдында "оралуы" тиіс еді. Ұзындығы 10 метр, салмағы 8 тонна болатын "Tiangong-1" бұған дейінгі ғарыш кемелерінен әлдеқайда үлкен екен. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2016 жылы Бейжің билігі аталған ғарыш кемесінен көз жазып қалғанын айтып, бұл туралы БҰҰ-на хабар берген еді. Мамандар оның жерге қарай бағыт алғанын да жасырмады. Ал "Америкалық ғарыштық бақылау желісі" аса қатты жылдамдықпен жер бетіне қарай құлдилай бастаған "Tiangong-1"-дің 43 солтүстік және 43 оңтүстік ендік арасындағы аймаққа құлауы мүмкін екендігін айтып, ресми мәлімдеме жасаған болатын. Осы болжамға қатты алаңдаған бірқатар ел тұрғындары, енді қауіптен құтылды.