Кеше Қазақстан Жазушылар одағында көктемде туып, жасындай жарқырап, қазақ əдебиетіне ерекше леп, тың жаңалық алып келген қазақтың классик ақындарының бірі Төлеген Айбергеновтің шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Бұл туралы Жазушылар одағының баспасөз қызметі хабарлады.
Кеш Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау сөзімен басталды.
Басқарма төрағасының орынбасарлары Мереке Құлкенов пен Бақыт Беделхан Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы Дариға Тұранқұлова, ақын Қасымхан Бегманов, Ахмет Өмірзақ, Шарафаддин Әмір, қазақ тілінің жанашыры Оғыз Доған, Шайхы Ермахан, т.б. "Байтақ мекен" қоғамдық қорының мерейтоға арнайы шығарған "Төлеген Айбергеновке 80 жыл" естелік медалін табыстады.
Сондай-ақ, осы медальдарды Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет ақын жолын қуған бір топ жас ақындарға (Асылан Тілеген, Нұртас Тұрғанбек, Нұрболат Жолдасбек, Тұрсынбек Башар, Бекзат Смадияр, Мерей Қартов, Мирас Асан, Əсел Кəрібай, Тілек Ырысбек, Еділбек Дүйсен) табыстап, өлең сапарына сәттілік тіледі. Артынша жастар жырдан шашу шашып, көрермендер көңілін бір серпілтіп тастады.
Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері Т. Айбергенов өлеңдерінен композициялық қойылым қойып, кеш көркін қыздыра түсті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова ақын өлеңдерінің сөзіне жазылған өзінің авторлық әндерін орындады.
Айта кетейік, осыған дейін ақынның 80 жылдық мерейтойы аясында Теміртау қаласында, Өзбекстанның Нөкіс қаласында (екі жоғары оқу орындарында), Ақтөбе облысының Байғанин ауданында, Ақтау, Астана, Шымкент қалаларында бірнеше мерейтойлық кештер ұйымдастырылған болатын.