Қазақстан мен Тәжікстан екі елдің аумағында азаматтары үшін тіркеу ережесін жеңілдетті. Бұдан былай екі ел азаматтары аталған елдерде 30 тәулік емес, 90 күнге дейін тіркеусіз жүре алады. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Астанаға сапары барысында екі ел басшылары осындай шешімге келді.
14 наурызда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жұмыс сапарымен Астанаға барған.
«Қазақстан Тәжікстан үшін ірі экспорттық әріптес. Тәжікстан біздің маңызды сауда әріптесіміз. Былтыр өзара сауда айналымы 80 млн долларға жетті. Бір жылда 30 пайызға көбейген. Бұл аумалы-төкпелі әлемдік экономикада өте жақсы көрсеткіш», - деп атап өтті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен баспасөз мәслихаты кезінде.
Қазақстан басшысы сонымен бірге Астана мен Душанбе арасында ұшатын әуе қатынасы туралы да сөз еткендерін айтты.
Кездесу кезінде Қазақстан басшысы тәжік әріптесін "Парасат" орденімен марапаттады. Екі ел басшылары барлығы 11 құжатқа қол қойған.