АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі 2019 жылы Таяу Шығысқа арналған қаржылық көмектің көлемін азайтпақ (әсіресе, Ливандағы БҰҰ миссиялары, оккупацияланған Голан (Golan Heights) биіктіктері мен Батыс Сахара өңірі), - дейді Al Jazeera ақпарат агенттігі.
Бюджетті жоспарлау департаментінің басшысы Дуглас Питкиннің (Duglas Pitkin) мәлімдеуінше, БҰҰ-ға бағытталатын қаржыны және жалпы әлемде бейбітшілікті сақтау мақсатындағы миссияларды қаржыландыру азайтылады.
Департаменттің ақпаратына сүйенсек, Біріккен ұлттардың Ливандағы әскерін (UNIFIL) қаржыландыру 42%-ға азаяды, яғни, 84,2 млн АҚШ доллары бөлінеді. UNIFIL 1978 жылы құрылып, елдің Израильмен ортақ оңтүстік шекарасындағы жағдайды бақылап отыру үшін Ливан әскеріне көмек көрсетіп келді.
Қаржының азаюы UNIFIL-ға көршілес Сүриядағы әскери қақтығыстар кесірінен "Израиль екеуіне ортақ оңтүстік шекарадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты" қамтамасыз ету мандатын орындауға кедергі келтіруі мүмкін.
Сонымен қатар әкімшілік тағы 10-ға жуық аймақ пен елдерге қатысты да осындай қысқартулар болуы мүмкін екендігін хабарлады. Мәселен, Голан биіктеріндегі бақылау мен қарулы қақтығыстардың алдын алу жөніндегі БҰҰ әскеріне бөлінетін қаржы 55 %-ға азаяды. 2017 жылы осы миссияға 24,6 млн АҚШ доллары бөлінген болса, 2019 жылы 11,1 млн АҚШ доллары бөлінеді деп жоспарлануда.
Батыс Сахарадағы миссияларға бөлінетін қаржыны әкімшілік 18,4 млн-нан 8,4 млн АҚШ долларына азайтпақ.
АҚШ қысым көрсеткеннен кейін өткен жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бейбітшілікті сақтауға арналған 8 млрд долларлық бюджеттен 600 миллионды алып тастады.
АҚШ елшісі Никки Хэли (Nikki Haley) БҰҰ-на: "Бұл тек бастамасы ғана", - деді.
АҚШ пен БҰҰ арасындағы қарым-қатынас пен серіктестікті дамытумен айналысатын "Better World Campaign" мәліметінше, Трамп әкімшілігінің АҚШ-тың сыртқы істер шығындарын осыншама қысқартуы өзінің БҰҰ және оның агенттерін қосқанда жалпы халықаралық жетекшілігін жоғалтуға алып келеді.
Бұл қысқартулар - АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі бюджет шығынын 25 %-ға азайту жоспарының бір бөлігі. Трамп сонымен қатар әскери шығындарды арттырып, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруды қысқартуды жоспарлап отыр.
12 ақпан күні өзінің твиттер аккаунтында Трамп: "Инфрақұрылыс саласы үшін жаңалықтарға толы апта болайын деп тұр. Ақымақтыққа бой беріп, Таяу Шығыста 7 млрд АҚШ долларын жұмсағаннан кейін өзіміздің елімізге қаржы құятын кез келді!", - деп жазған.
Пентагонның мәлімдеуінше, әскери шығындардың артуы Ресей мен Қытай тарапынан төніп отырған қауіп нәтижесі.