Дағыстанның премьер-министрі Абдусамад Гамидовқа ел қазынасынан ақша жымқырды деген айып тағылған еді. Оның үйін тінту барысында алтын жалатылған TT үлгісіндегі тапанша табылғаны мәлім болды.
Әңгіме бір Гамидовтан табылған алтынның буына ұсталған тапанша туралы емес. Бұған дейін де алтынмен апталып, күміспен күптеліп, торғынмен түктелген қарулар көптеген лидерлердің, диктаторлар мен шенділердің үйінен табылған болатын. Алтын жалатылған тапанша ғана емес, алтындаған автомат, тіпті одан да үлкен қарулар да табылды. Олай болса, суық қаруды сары алтынмен аптау кімге, не үшін керек болды? Бұл сұрақтарға, BBC, AP News қатарлы танымал ақпарат көздері де сараптама жасаған.
Негізінен алтын жалатылған құралдарды көбінде тарту ретінде жасайды не болмаса арнайы қызметкерлер үшін дайындалады. Жұрттың бәрі білетіндей бұндай бағалы металмен жасалған құралдардың бағасы кәдімгі құралмен бірдей болмайды. Алтын не күміс араластырған суық қару өз үлгісіндегі кәдімгі құралдан бірнеше есеге қымбаттай түседі. Тіпті саят, аңшылық мылтықтары неше он мың, тіпті неше жүз мың еуро құнға ие.
Құрал өндірушілер тапсырыс берушінің қаражатына қарай тапсырысын орындайды. Ал, дипломатиялық істерде мемлекет басшылары атынан сауғаға ұсынылатын алтын құралдардың бағасын болжап айту өте қиын. Себебі мұндай құралдардың оғынан өзгесі түгелге жуық алтыннан жасалады. Сыйлық ретінде сатып алушыларға бұдан гөрі арзан түрлері де жоқ емес. Айталық ПМ немесе ТТ үлгісіндегі алтын жалатылған тапаншаларды шамамен 2500-3500 АҚШ доллары айналасында табуға болады екен.
Дегенмен, түгелге жуық алтыннан жасалатын құралдар оқ атуға жарамайды. Себебі, алтынның температура мен қысымға төзімділігі төмен. Алтыннан жасалған құралдар тек сәндік бұйым немесе субинермен бірдей. Сондықтан да, одан көрі алтын жалатылған құралдар көптеп кездеседі.
Мол қазынасын қайда жұмсарын білмеген қалталылардан тыс, алтын жалатылған немесе алтыннан жасалған құралдарға қызығатындар қатарында авторитарлық режимдердің лидерлері, ірі қылмыстық топтардың атамандары, тіпті танымал саясаткерлер мен шенді-шекпенділер де табылады. Айталық, Walther PPK атты жартылай автомат Адольф Гитлердің оң қолы болған Герман Гернигте болғаны белгілі. АҚШ әскері Бағдатқа кірген кезде Саддам Хусейннің әулетіне тән бағалы құралдардан 20 данасы алынған. Соның ішінде Саддам Хусейн ұлына тарту еткен алтын жалатылған «Калашников» автоматы да бар. Либияның (Ливия) бұрынғы лидері Каддафи өлтірілгеннен кейін, оның үйінен алтындаған "Browning" тапаншасы және «Драгунов» үлгісіндегі снайпер мылтықтар табылған.
Кезінде Ресейдің екі парламент депутаты жұрт көзінше, жаға жыртысып жатқанда депутат Адам Делимхановтың беліне қыстырған алтын жалатылған жан-құралы түсіп қалып, сол кездегі ресейлік және әлемдік БАҚ-та шулы тақырыпқа айналған еді. Ал осындай алтын жалатылған тапаншамен Дубайда ресейлік Сулим Ямадаев атып өлтірілген-ді.
Ресейдің дәстүрлі «Батыс» деп аталатын әскер жаттығуы кезінде (2009 жыл), сол кездегі РФ президенті Дмитрий Медведев пен Беларусь президенті Александр Лукашенконың кездесуінде, Беларусь президентінің бес жастағы ұлы өзінің алтынмен апталған тапаншасын Медведевке көрсетіп «мақтанған» еді.
Суық қаруды алтынмен аптау таяу жылдардың ғана еншісі емес. Тарихтан бері бар. Қазақ тарихында да айбарлы хан-сұлтандардың, бектердің де алтын сапты алмас қылышы, алтын зерлі қыны, алтын жалатқан айбалтасы болған. Қазақ ақыны Е. Раушанов өзінің ұйқассыз жазылған өлеңінің бірінде «қаһан Шыңғыстың қазаққа сіңген ардасы», «Жошы ханның жалғасы», «Әбілқайыр сойынан Бөкейхан тегі Паңгерей» ақынның өзін Орда сыртында алтын тапаншамен атқаны туралы жазады.