Халықаралық Олимпиада комитеті боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастауы мүмкін.
Аталмыш жағдайға байланысты ХОК-тың басшысы Томас Бах ұйым жұмысын қорытындылауға байланысты өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген. Онда ол: «Біз халықаралық бокс федерациясына (AIBA) тексеру жұмыстарын жүргізуді бастағанымызды растаймыз. ХОК AIBA-мен арадағы барлық қаржылай байланысын үзді. Халықаралық Олимпиада комитеті AIBA-ға қаржы аударуын тоқтатты. ХОК боксты 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындары бағдарламасынан алып тастауға байланысты құжатты ашық күйінде қалдырады» - деген.
Естеріңізге салайық, 2017 жылдың мамыр айында AIBA-ның қаржылай қиындықтарға тап болуына байланысты федерацияны 11 жыл басқарған Чинг Куа Ву қызметінен кеткен болатын. Оның орнына вице-президент Франко Фальчинелли келген. Бірақ ол да бұл орында көп тұрақтамай бірнеше айдан кейін отставкаға кеткен. Кейіннен бұл қызметке өзбекстандық Ғафур Рахимов тағайындалған. Осыдан кейін Халықаралық Олимпиада комитеті федерация жұмысын тексеруді бастады.