Қай уақытта болса да, қандай елде болса да, жастар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл тақырып қашан да өзекті. Осыған байланысты бүгін біз қазақ жастарының қазіргі жай-күйі мен олардың тыныс-тіршілігін білу мақсатында осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан "Болашақ" республикалық жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратпен сұхбаттасып көрдік.
- Дәурен, сіздер құрған «Болашақ» республикалық жастар қозғалысының жұмыс істеп жатқанына біраз уақыт болды. Республиканың түкпір-түкпіріне барып лекция оқисыздар, түрлі жиындар өткізесіздер, жастармен кездесесіздер. Қазіргі қазақ жастарын не мазалайды? Олардың саяси, рухани, бәсекеге қабілеттілік потенциалы қандай?
- Бұл сұраққа дөп басып бір жақты жауап беру мүмкін емес. Жастардың барлығына жаппай «топырақ шашып» барлығы жаман немесе барлығы жақсы деп мақтай салуға да болмайды. Жастарды шартты түрде бірнеше категорияға бөлуге болады. Бірінші жастар - ол асфальтты жастар. Олар ауылдың не екенін білмейтін «индивидуализмі» басым жастар. Екінші жастар -бұл ауылдағы жастар. Олар оқу оқымаған, оқуға бармаған таза ауылда қаламын деп шешім шығарған жастар. Қалаға барса бірен-саран қара жұмыс істеп келеді, болды. Басқа кезде олар ауылда. Ал үшінші санаттағы жастар - бұл ауыл мен қаланың ортасындағы мобильді жастар. Егер жастарды осылай үш санатқа бөлетін болсақ, жалпы алған кезде жағдайы ең мүшкілі бұл ауыл жастары. Себебі ауылда неше түрлі қаптаған мемлекеттік бағдарламалар, тіпті әлеуметтік-мәдени шаралардың өзі кем де кем. Оған енді біздің географиялық жағдайымызда әсер етеді. Ауылдардың арасы алшақ, ауылдар шағын деген сияқты. Шартты түрде жағдайы жақсы - бұл қала жастары. Себебі мемлекеттік, қоғамдық, саяси іс-шаралар, жақсы білім, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік, мұның барлығы қалада бар. Бірақ ең потенциалы жоғары бұл ауыл мен қаланың ортасындағы жастар. Мен сондай жастармен жұмыс істеймін, көп білем, жиі кездесемін. Бұл жастар - пассианар жастар. Бұл жастар - мобильді жастар. Бұл жастар ауылда да өз-өзін жоғалтқан жоқ, қалада да өз-өзін жоғалтқан жоқ. Енді олардың бүгінгі әлеуметтік көңіл-күйіне келетін болсақ, бұл жерде жастарды ұйымдасқан және ұйымдаспаған деп екі топқа бөлеміз. Ұйымдасқан жастар бұл студент жастар, мемлекеттік қызметтегі жастар, мектептегі жастар. Ұйымдаспаған жастар бұлар кездейсоқ, тұрақсыз жұмыс істейді. Олар базарда жүр, бизнесте жүр. Ұйымдаспаған жастардың әлеуметтік көңіл-күйі төмендеу, нашарлау, барлығы жақсы деп айта алмаймыз. Бұлардың жұмыстары тұрақсыз. Олардың «ұшарын жел, қонарын сай біледі» былайша айтқан кезде. Бұлар бес жылдан кейін қайда тұратынын, қайда оқитынын, қайда жұмыс істейтінін, қашан үйленетінін, кімге дауыс беретінін білмейді және елдің болашағын ойлайтын ешқандай жағдайы да, ойы да, көңіл-күйі де жоқ. Ал енді ұйымдасқан жастардың күшті жалақысы жоқ шығар, бірақ мемлекеттік бағдарламалардың негізгі тұтынушылары солар. Олар өздерінің болашағына ішінара сенімді.
- Жалпы қазір (биліктің сөзімен айтқанда) қазақ жастарының эталоны, авангарды «Жас Отан» мүшелері. Сіздің де жастармен жұмыс істеп жүргеніңізге біраз уақыт болды. Жалпы «Жас Отанның» қазіргі жұмысына қандай баға бересіз?
- «Жас Отанға» баға беру мен үшін өте қиын. Себебі кез келген нәрсе салыстырмалы түрде. Мен «Жас Отанға» баға беруім үшін оны белгілі бір мемлекеттік ұйыммен немесе басқа жастар қанатымен салыстыруға тиіспін. Басқа партиялардың жастар қанатымен салыстырайық десек, ол мүмкін емес. Жастар қанаты жоқ. Ақ жолда да, Коммунистік партияда да мысалы мәжілісте отырған үш партия дейміз ғой. Басқа мәжіліске өтпеген ЖСДП-да да, басқа да іс жүзінде жастар қанаты мүлдем жоқ. Мен бұл жерде оларды кінәләп түрған жоқпын. Оның әр түрлі себеп-салдары бар. Дегенмен егер де функционалды жағынан алып қарайтын болсақ, «Жас Отанды» салыстыруға келмейді. Бұдан бөлек «Жас Отанды» басқа үкіметтік емес ұйымдармен де салыстыру мүмкін емес. Себебі «Жас Отанның» деңгейіндегі үкіметтік емес ұйым респубиликалық деңгейде өкінішке орай жоқ. Себебі филиал жоқ қой енді ешкімде. Ал енді бүгінгі бар «Жас Отанның» атқарып отырған жұмысына келетін болсақ. Менің ойымша, бұдан күштірек жұмыс істеуге болатын еді. «Жас Отанның» мүмкіндігі былайша айтқанда шексіз. Оның адамдық ресурсы да, қаржылық ресурсы да күшті.
- Тәуелсіз Қазақстан билігі тәрбиелеп шығарған жастардың алды «ақша жымқырды» деген айыппен істі болып жатыр. Қазір халық арасында «Билік мансапқор, ұраншыл, көнпіс, орындаушы буын тәрбиелеп жатыр» деген пікір бар. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
- Мен бұл пікірмен келіспеймін. Себебі жастардың барлығына «топырақ шашуға» болмайды. Барлық нәрсеге салыстырмалы түрде қарау керек. Бізде билік 27 жыл ішінде ең біріншіден жастарға білімде ешқандай шектеу қойған жоқ. Шетелде оқисың ба, елде оқисың ба ешқандай шектеу қойылмай, білім еркіндігі берілді. Әсіресе соңғы он жылда жастарға білім алуға толықтай мүмкіндік жасалды. Бұл үлкен мүмкіндік. Себебі біз өзімізді қасымыздағы елдермен салыстырамыз. Қазір шынымен Қазақстандағы білімнің қол жетімділігі Ресейден кем емес, Өзбекстан мен Қырғызстаннан жоғары. Қазір амбициясы бар, елдің болашағына қатысты өзіндік көзқарасы, ойы, пікірі бар, тепсе темір үзетін жастар жетерлік. Сондықтан үкімет түгелдей көнпіс буын тәрбиеледі деп айтуға болмайды. Енді үкімет өзінше жұмыс жасауға тырысып жатыр. Бірақ бір жақты айтуға болмайды. Мықты жастар бар. Бірақ олар әлі ұйымдасқан жоқ.
- Жалпы жастарға дәл қазіргі билік жүйесінде, мемлекеттік қызметте таза жұмыс істеуге бола ма?
- Әрине болады. Бірақ ол кезде сен таза мемлекетке жұмыс істейсің. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкерлерді «жемқор» деген көзқарас, пікір қалыптасқан. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің арасына кіріп көретін болсаң, кеше ғана оқу бітіріп келіп отбасын, мансабын ысырып қойып, бас маман болып қызмет істеп жатқан азаматтар өте көп. Олар да жедел сатымен көтерілуі керек, олар да өсуі керек, олардың да жалақылары арту керек. Бірақ бұның барлығы бөлек әңгіме.
- Қазір көптеген жастар, оның ішінде білікті мамандар шетелге кетіп жатыр. Бұл олардың ел болашағына сенімсіздіге ме, жоқ әлде жекелеген факторлардың әсері ме?
- Бұл енді ең ауыр жағдай. Айдың күннің аманында, Тәуелсіздік қолда бар кезде, әлеуметтік жағдай тым төмен емес кезде білімді, білікті жастардың кетіп жатқаны ауыр тиеді. Менің ойымша, бұған бірінші себеп бұл глобалды себеп. Қазір бұрынғыдай емес шекаралар өшіп бара жатыр. Қазір кез келген әлемнің түкпіріне жету қол жетімді болып қалды. Қазіргі таңда жастардың елден кетіп жатқынының бірінші себебі жалпы әлемдік ғаламдану процестерімен байланысты. Екінші, бұл әрине елдің ішіндегі мәселе. Бұл өсу мүмкіндігінің шектеулілігі. Өсу мүмкіндігі шектеулі болған кезде альтернативті даму жолы болған кезде адам кетіп қалады. Ауылдан да қалаға кетті ғой кезінде. Үшінші, кетудегі үлкен мәселе - бұл адам санасының өзгеруі. Қазір индивидуализм басып бара жатыр. Адам ең бірінші кезекте өз алдына жақсы, мәнді, сәнді өмір сүруді мақсат етіп қояды.
- Қазіргі жастардың салыстырмалы түрде алғанда саяси белсенділігі өте төмен. Олардың белсенділігін арттыру үшін не істеу керек?
- Бірінші кезекте оларға жағдай жасау керек. Екінші кезекте үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру үшін олармен жұмыс істейтін аға буын керек. Олармен жоспарлы түрде ұзақ мерзімде жұмыс істеу керек. Біз осы салаға қалай келдік? 2001 жылы біз КазГУ-де студентпіз. Сол кезде бізге Дос Көшім ағамыз келді. Ана кісінің екі сағаттық сөзі біздегі көптеген балаларды қоғамдық салаға бұрып жіберді. Негізінен бұл салада аға буын жұмыс жасау керек.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Есдәулет Қызырбекұлы