Түркия Сүриядағы күрд жасақтарына қарсы әскери операциясын күшейтетінін хабарлады. Режеп Тайып Ердоған шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Түркияда "террористік ұйым" деп танылған күрдтердің YPG ұйымына қарсы бастаған әскери операцияның жетінші күнінде Сүрияның Манбиж (Manbij) қаласын азат етуге уәде берді. АҚШ-тың әскері дәл осы қалада болғандықтан, Түркия мен күрдтерге қарсы әскери қимылдарды айыптаған Америка арасындағы қарым-қатынас күрделене түсті.
Осыдан бұрын Түркия әскери операцияны "соңғы террордың көзі жойылғанша" жалғастыратынын хабарлаған болатын. Түркияның Сыртқы Істер министрі Мевлют Чавушоғлы түрік әскерлері Африн аймағын күрдтердің қолынан азат еткенімен, оны оккупацияламайтынын, өңірді шынайы иелеріне қайтарып беретінін айтты.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен АҚШ-тың мемлекеттік басшысы Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті. Уашингтон мен Анкара телефон қоңырауының барысын екі түрлі жеткізді. АҚШ Дональд Трамптың Түркияға әскери операциясын шектеу туралы ескерту жасағанын айтса, Реджеп Тайып Ердоғанның әкімшілігі бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Режеп Тайып Ердоған АҚШ пен өзге батыс мемлекеттерінің "әскери операцияны қысқарту керек, уақытын ұзартпай тоқтатқан дұрыс" деген сөзіне: "Ауғанстандағы әскери операция қанша жылға созылды? Шамамен 20 жылдай уақыт. Ал Ирак ше? 18 жыл!", - деп жауап берді.