Биыл ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті жолдауында "Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналатынын және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойылғанын" мәлімдеді. Алайда сол талаптар орындалып жатыр ма? Жұмыссыздар көрсеткіші қаншалықты рас? Осы және өзге де сұрақтарды әлеуметтенушы Айсұлу Молдабековадан сұрап көрген едік.
- Айсұлу Тұрсынбайқызы, ҚР президенті өзінің биылғы жолдауында «Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор» екенін айтты. Ал бұған дейін тиісті деңгейде осы жағдай жасалды ма? Әлде тек жолдау аясында ғана айтылып келе ме?
- Елімізде жұмыспен қамту бойынша әртүрлі бағдарламалар бар. Соның ішінде мамандану, қайта дайындықтан өту сынды түрлі бағыттары бар. Президент айтқан еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар істелуде. Жоқ деп айта алмаймыз. Яғни адамдар жұмысқа тұра алмаған жағдайда мемлекеттік бағдарлама аясында оның қайта мамандық алуға, тегін біліктілігін арттыруға мүмкіндігі бар. Жұмыссыз жүргендердің барлығына жұмысқа тұрып кетуіне мемлекет жағдай жасап отыр. Үш жақты жасалған келісімдер бар. Олар: жұмыс беруші, жұмысқа кіруші және оқытушы мекеме. Өз кәсібін бастау бойынша да іс-шаралар жасалып жатыр. Солардың бірі – пайызы аз несие арқылы өз кәсібін ашу. Дегенмен осы мемлекеттік бағдарламалардың насихаты кем. Ауыл арасында, қарапайым халықпен сөйлесіп көрсеңіз тіпті ондай бағдарламалардың бар екенін білмейтіндер бар. Мемлекеттік бағдарлама өз алдына, ал жұмыссыз, әлеуеті төмен адамдар өз алдына жүрген сияқты. Бұл бір шетінен қарап отырсақ, ведомство басшылары жап-жақсы есептер айтады. Мысалы пәлен адамды оқыттық, пәлен адам жұмысқа тұрды дегендей. Бірақ мұның өзінен бір науқаншылық байқалады. Мысалы сол оқыған адамдар шынымен жұмысқа тұрып кетті ме немесе сол оқытылған оқу түрі сапалы ұйымдастырылды ма, оқытқан мекеменің базасы қандай, міне осындай мәселе көп, шындыған айтқанда. Қағазбастылық па, есеп беру үшін бе, белгілі бір нәтижеге жету үшін емес, жақсы бір есеп беру үшін жұмыс істейтін сияқты. Себебі халық әлі де болса бұл бағдарламалардың толық жүзеге асып келе жатқанын сезінбей келеді.
- Қазақстандағы әлеуметтік саясатты қалай бағалайсыз?
- Қазақстан Конституциияда өзін «әлеуметтік мемлекет» деп жариялады. Сондықтан әлеуметтік саясат біздің жалпы саясаттың бір бағыты. Бізде әлеуметтік сала ешқашан назардан тыс қалған емес. Тіпті соңғы бес жылда әлеуметтік саясатты жүгізудің белсенді моделіне көштік. Ал оған дейін халыққа әлеуметтік төлемдер жасауға баса назар аударылған болатын. Ал соңғы кезде мемлекет халықтың үкіметке иек артпай өздігінен күн көріп кетуіне жағдай жасауға ұмтылуда. Яғни тек әлеуметтік төлемдерге байланбай, халық барынша күнкөрісті өзі қамтамсыз етсе деген бағытты ұстануда. Жалпы әлемдік әлеуметтік саясат моделдеріне қарайтын болсақ, бұл дұрыс үлгі. Мемлекет жәрдемақы беруші емес, жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушының арасында делдал болу керек. Әлеуметтік саясаттың белсенді үлгісіне көшу үшін де мемлекетке экономикалық саясат, саяси жағдай, халықтың әл-ауқаты халықтың табысы, кірісі – осының барлығы жоғары болуы тиіс. Әлеуметтік статистикаға қарайтын болсақ, бізде көптеген көрсеткіштер жақсы. Халықтың жалақы көрсеткіші бойынша да Қазақстанда жағдай жаман емес. ТМД елдерімен салыстырар болсақ та, біздің әлеуметтік көрсеткіш шамалас. Ескеретін нәрсе, ондағы мемлекеттерге қарағанда бізде әлеуметтік саясаттың моделі белсенді жүргізілуде. Мұны жаңа да айтып кеттім. Ал оның қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын анықтау үшін алдымен тиімділігін анықтап алу керек. Әлеуметік саясатқа пәлен ақша жұмсасақ, соны игеру тиімділігі анықталу керек. Тек мынша адам оқытылды, мынша адам жұмысқа тұрды деп қана емес, нақты сапалы көрсеткіштер қажет. Сонда ғана біз осы жүргізіліп отырған әлеуметтік саясаттың нәтижелі екенін сезінетін боламыз.
- Жаңа өзіңіз айтып кеткендей, әлеуметтік статистика бар бізде. Бірақ ондағы сандар қаншалықты рас? Ондағы көрсеткіштер бұрмалануы мүмкін бе?
- Негізі қазір макроэкономикалық көрсеткіштерге - Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі немесе жалпы ішкі өнім және т.б. кіреді. Осыған қарап «халық жағдайы жақсы, жан басына шаққандағы көлем, халықтың кірісі пен жалақысы осындай» деп үлкен көрсеткіштерді айтып жатамыз. Бірақ мұның астарына үңілер болсақ, бұл халықтың нақты жағдайын бейнелемейді. Осыған қатысты «макрокөрсеткіштерге қарамай, халықтың өмір сүру сапасын сапалық деңгейде бағалау немесе сапалық зерттеулер жасау арқылы жағдайды бағалау керек» деген ұсыныстар айтылуда. Немесе адам капиталының индексі деген бар. Бұл да халықтың әлеуметтік жағдайын бағалаудың бір жолы ретінде ұсынылып жатыр. Дегенмен әлеуметтік статистикаға келгенде меніңше, мәселе санда емес, санауда сияқты. Мысалы жұмыссыздық статистикасы Қазақстанда 2017 жылы 5 пайызды көрсетті. Мұны нақты санмен алатын болсақ, Қазақстандағы жұмыссыздардың саны 440 мыңнан асады. Бұл сан есептелгенде еңбекке қабілетті халық саны негізге алынады. Олардың саны Қазақстанда 8 миллионнан асады. Соның ішіндегі жұмыссыз болып тіркелгендері саналады. Бірақ көпшілігі жұмыссыз ретінде тіркеле бермейді. Бұдан бөлек өзін жұмыспен қамтығандар категориясына жататындар бар. Олардың да тұрақты жұмысы жоқ. Бар мәселе осында сияқты. Себебі өзін жұмыспен қамтығандардың арасында жұмыссыз жүргендері бар. Мысалы жұмысы жоқ болғандықтан кейбірі уақытша сауда жасауға, жол жиегінде бір нәрсе сатуы мүмкін немесе оның азын аулақ малы болуы мүмкін. Яғни осындаймен айналысқандардың өзі, өзін жұмыспен қамтығандардың қатарына кіреді. Бұлар жұмыссыздар категориясынан шығарылады. Бірақ бұл жерде ол адамның айлық кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе ең төменгі жалақы деңгейіне жете ме, сонымен салыстырып, содан кейін ғана жұмыссыздар қатарынан шығару керек. Ал бізде мұның бәрін есепке алар болсақ, онда жұмыссыздар саны едәуір көп екені белгілі болады.
- Қазақстанда мына нәрсе қалыпты жағдайға айналған. Қалай зейнетақы, жәрдемақы немесе жалақы көтеріледі, солай азық-түлік те, коммуналдық қызмет те, қысқасын айтқанда барлығы қымбаттайды. Яғни халықтың әлеуметтік жағдайы инфляцияға ілесе алмай келеді. Бұл халықты еркінсітпеудің бір амалы ма әлде шынымен Қазақстан экономикасының нашарлығы ма?
- Инфляция жыл сайын болады және оған түрлі факторлар әсер етеді. Ал мемлекет тағайындайтын әлеуметтік жәрдемақылар бірнеше пайызға көбейгенімен, одан инфляция деңгейін алып тастау керек. Инфляция 7 пайыз болып, ал жәрдемақы деңгейі 10 пайызға көбейді делік. Онда бұл көрсеткіштен инфляцияны шегеретін болсақ, онда жәрдемақы бар болғаны 3 пайызға көбейеді деген сөз. Яғни бұдан жалақы немесе жәрдемақы, зейнетақы көлемі базар нарығына ілесе алмай жатады. Бұл жерде үлкен жүйелі экономикалық саясат керек. Біз мұнай экспорттаушы ел болғанымызбен, жанар-жағармай бағасы қымбат. Ішкі жанармай нарығын әлі өзіміз қамтамасыз ете алмай келеміз. Бұл да базар бағасының өсуіне әсер ететін факторлардың бірі.
- Бірақ осы бағалардың өсуі халықтың наразылығын тудыруы мүмкін ғой. Осыған үкімет дайын ба?
- Бұл сұрақты қаза берсек, саяси жағы басым болып кетеді. Мысалы экономикалық жағдай тікелей халықтың көңіл күйіне әсер етеді. Жыл сайын түрлі әлеуметтік зерттеулер бойынша халықтың әлеуметтік көңіл күйі бағаланып отырады. Билікке немесе өзінің жағдайына қаншалықты көңілі толады дегендей сұрақтар есепке алынады. Әрине, бағаның өсуі, коммуналдық төлемдердің өсуі, жұмыссыздық осының бәрі халықтың әлеуметтік көңіл күйін төмендетеді. Ал бұл жыл сайын жалғаса беретін болса, онда шынымен әлеуметтік наразылық туындауы мүмкін.
- Халықтың қазіргі әлеуметтік көңіл күйі қалай?
- Соңғы жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстан халқының әлеуметтік көңіл күйі жақсы. Жүргізілген сауалнамаларға мән берсек, 86,2 пайыз өздерінің көңіл күйі жақсы екенін, 9 пайызы біршама ауыртпалық сезінетінін, 2,9 пайызы қорқыныш немесе уайым сезінетінетіндерін жеткізген. Ал халықты мазалайтын ең маңызды үш мәселеге келер болсақ, ол бағанадан бері айтқан азық-түлік пен қажетті тауарлар бағасының өсуі (67,9 пайыз), төменгі кіріс (30 пайыз) және коммуналдық қызмет құнының қымбаттауы (26,5 пайызы). Міне осылардан-ақ халықтың көңіл қүйін байқауға болады. Яғни, халықтың көңіл күйіне тікелей әлеуметтік мәселелер әсер етіп отыр.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Маржан Нүсіпбек