Палестинаның Президенті Махмұд Аббас дүйсенбі күні Еуропа Одағына мүше елдердің Сыртқы Істер министрлерімен кездесу барысында олардың Палестина мемлекетін ресми түрде мойындауын сұрайды. Мұндай ақпаратты AFP ақпараттық агенттігіне Палестинаның Сыртқы Істер министрі Рияд-әл-Мәлики берген. Ол Палестина басшысының Еуроодақ елдерінен АҚШ-тың Иерусалимді Израильдің астанасы деп жариялауына жауабын күтетінін білдірді.
Махмұд Аббас Еуроодақтың дипломатиялық басшысы Федерика Могерини және одаққа мүше 28 мемлекеттің Сыртқы Істер министрлерімен кездеседі. Бір ай бұрын дәл осындай сапармен Брюссельге Израильдің Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху келген болатын. Палестина басшысы Еуропа мемлекеттерінің өзінің әлемдік саяси ықпалын көрсетіп, екі тарап үшін де әділ шешім қабылдағандарын қалайды. Атап өту керек, осыдан бұрын Еуропа мемлекеттері АҚШ-тың Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындауын қатаң сынаған еді.
Махмұд Аббас "Иерусалим дауы" басталған кезде, Ослода қабылданған келісімдердің бұзылуына наразылық танытып, Израиль мен Палестина арасындағы соңғы нүктесі қойылмаған таласты АҚШ-тың өзінше шешкенін "ғасыр соққысы" деп бағалаған еді. Дегенмен АҚШ-тың Вице-Президенті Майк Пенспен кездесуден бас тартқанына және Америка Таяу Шығыстағы бейбіт келіссөздерге бастамашы болу құқығынан айырылғаны жөніндегі батыл мәлімдемелеріне қарамастан, Палестина басшысы мәселені талқылауға "ашық" екенін білдіріп отыр.