Өзінің ядролық қаруларынан бас тартқан Қазақстан бүгінде дүние елдеріне  ядролық қарусыз әлем құруды ұсынып келеді. Дегенмен, соңғы кездері әлем елдері арасында қақтығыстар жиілеп, ядролық соғыс қаупі күшейе түсті. Солтүстік Корея өткен жылы ядролық бағдарламаларды дамытуда тың нәтижелерге қол жеткізді. АҚШ президенті Трамп елдің ядролық арсеналын толықтай жаңартуға бұйрық берді.

3 қаңтар күні «Анықтамалық ақпарат желісі» (Reference information network)  Аргентинаның «Буэнос-Айрес экономика жаңалықтары» сайтына сілтеме жасай отырып, Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун «ядролық түймені» (ядролық қаруды іске қосушы қобдиша) жұмыс үстеліне алып шығу қауіпі бар деп хабарлады. Осыдан бірнеше сағат өткеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Твиттер парақшасына «Менің қолымдағы «ядролық түйме оның қаруынан әлде қайда үлкен әрі қуатты» деп жазған. Әлем лидерлерінің бұл әрекеті адамдарға ядролық соғыс қауіпін елестетпей қоймайды.

Жаз айларында АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы шиеленіс дүниені алаңдатпай қоймады.  АҚШ өзінің стратегиялық активтеріне дейін Солтүстік Кореяға жақын су айдындарына алып келді. Көршілес аймақтар мен мемлекеттер Солтүстік Кореяның тосыннан ядролық соғыс қозғауынан алаңдаған еді. Десе де соңғы кездері Солтүстік Корея мәселесі біршама оңды нәтижелерін көрсетіп, келіссөзге ниет таныта бастады. Айталық екі корей елінің ресмилері 9 қаңтарда кездесіп, сөйлеспек.

Әлемнің ядролық қару бәсекесінің көш басында кім тұр?

Осы сұраққа орай, «Washington Post» басылымының, өткен жылы тамыз айында жария еткен АҚШ барлау қызметінің есебіне назар аударуға тура келеді. Ондағы мәліметке сәйкес, бүкіл әлемдегі ядролық оқ тұмсықтардың саны 14995 дана. Соның ішінде Солтүстік Кореяның зымырандарға арналған ядролық қарулары да бар. Қазірдің өзінде Солтүстік Кореяда 60 ядролық қару бар, әрі бұл елде ядролық қаруларды өндіру қарқынды түрде жүріп жатыр.

«Атом ғылымының бюллетені» басылы Америкалық ғалымдар федерациясы мен Қорғаныс министрлігінің сарапшылары көрсеткен мәліметтерді алға тартқан. Онда 2017 жылдың тамыз айына дейін, әлемде 9 мемлекетте жиыны 14 мың 995 дана ядролық қару бар деп көрсеткен.

Ресей 7 мың дана ядролық оқ тұмсықпен ядролық қару бойынша әлемнің бірінші орынында тұр. Бұл ядролық қарулардың 1910 данасы пайдалану тізіміне енгізілген. Ал, 2700 данасы жойылды немесе жойылу үстінде. 2390 дана ядролық қару толық жабдықтаудан өтпеген.

Дегенмен, Құрама Штаттың ядролық арсеналы да Ресейден қалыса қоймайды. Аталған мәліметте, АҚШ-та 6800 дана ядролық қару бар болып, оның 1800 данасы пайдалануға дайын деп көрсетілген.

Бұл екі державамен салыстырғанда өзге жеті ядролық қаруға ие ел біршама артта қалған. Францияда 300 дана, Қытайда 270 дана (бұның қанша данасы толық жабдықталғаны анық емес), Ұлыбританияда 215 дана, Пәкістанда 140 дана, Үндістанда 130 дана, Израильде 80 (кей деректерде 120 дана бар болуы мүмкін делінген), Солтүстік Кореяда 60 дана ядролық оқ тұмсық бар.

“The Qazaq Times”