Сейсенбі күні Қытайдың СІМ басшысы Уаң Ий мәлімдеме жасап, Қытай мен Пәкістан құны 57 млрд АҚШ доллары тұратын «Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізін» (ҚПЭД) Ауғанстанға қарай кеңейте түсетіндерін айтты. Бұл туралы BBC-дің қытай тіліндегі қызметі хабарлаған еді.

Қазір Қытай жақ Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы бейбітшілік келіссөздерін жүзеге асыруға қолдау танытып отыр. Себебі, 1947 жылы Пәкістан егемендік жариялағаннан бері Ауғанстанмен арасында шиеленіс үзбей жалғасып келеді. Ауғанстан жақ Пәкістанды Талибан лаңкестеріне қолдау беріп отыр деп айыптайды. Ал, Исламабад билігі бұны жоққа шығарып, Кабулмен бейбіт қарым-қатынасты қалайтынын, Ауғанстанның бейбіт әрі орнықтылығын үміт ететінін жеткізген.

Қытай сыртқы істер министрі Уаң Ий Қытай, Ауғанстан және Пәкістан үш елдің СІМ басшыларының отырысы кезінде: «Қытай жақ Пәкістанның дамуға мүмкіндік беретін артықшылықтарына қолдау көрсетуге дайын. Аймақтағы елдерге ҚПЭД-тің оңды әсерлерін толық көрсетіп, «Бір белдеу, бір жол» арқылы көршілес елдердің ынтымақтастығын нығайта түскіміз келеді», – деген. Reuters агенттігінің хабарында, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы арқылы Азия мен Еуропаның басқа елдерімен байланысын арттыра түскісі келеді деген көзқарас айтылған.

Қалай болса да Қытай үкіметі үшін Ауғанстанның орнықтылығы мен тыныштығы, Исламабад пен Кабул билігінің татулығын өз мүддесі үшін болса да қалайды. Себебі, Қытай билігі жүзеге асырғалы отырған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы, ҚПЭД қатарлы ел экономикасының күре тамырлары бұл аймақтан өтіп жатыр. Оған қоса, Қытайдың Азиядағы ең үлкен бәсекелесі Үндістан үшін Пәкістан мен Ауғанстанды қасына тарту Қытайдың көптен бергі стратегиясы деуге де болады.

“The Qazaq Times”