Жұма күні Араб елдеріндегі мұсылмандар АҚШ Президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындаған шешіміне қарсы наразылық шеруіне шықты. Түркия, Еуроодақ пен Ресей Таяу Шығыстың бейбітшілігінің бұзылу қаупіне алаңдап, АҚШ-тың шешімін қатаң сынады. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Мекке мен Медине қаласынан кейін қасиетті орын саналатын Әл-Ақса мешіті Шығыс Иерусалимде орналасқан. Қала көшелерінде "Біз сен үшін жанымызды құрбан етуге дайынбыз, Әл-Ақса!" деп ұрандатқан мұсылмандар Израиль мен АҚШ-тың туларын өртеген. Израильмен бейбіт келісім орнатқан екі араб мемлекетінің бірі Иорданияда "Иерусалим-Палестинаның астанасы" деген плакаттар ұстап, қарсылық шеруіне қатысқандардың саны 20 мыңға жуықтаған.
Иранда ызаға берілген мұсылмандар "АҚШ пен Израильге - өлім!" деп орталыққа жиналса, дәл осындай наразылық қозғалыстары Йемен мен Ауғаныстанда және Ирактың астанасы Бағдад қаласында болған.
Мұсылмандар көп шоғырланған Малайзия мен Индонезияда АҚШ елшілігінің маңына жиналған жұртшылық "Иерусалимнен қолыңды тарт, Америка!" деп ұрандатып, Дональд Трамп бейнеленген плакаттарды өртеді. Елшілікке басып кірмек болған бірнеше мұсылманды жергілікті қауіпсіздік қызметі тоқтатқан.