АҚШ Солтүстік Кореяның соңғы баллистикалық зымыран сынағынан кейін барлық мемлекеттерді Пхеньянмен дипломатиялық және сауда байланыстарын біржола үзуге шақырды. Ерекше ескертуге тағы да Қытай ілікті. Уашингтон өзінің Азиялық әріптесінен Солтүстік Кореяға мұнай тасымалдауын тоқтатуды талап етіп отыр. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде сөйлеген сөзінде Американың елшісі Никки Хейли: "Қытай қазіргіден де көбірек күш салуы керек. Біз Бейжің Солтүстік Кореяға мұнай тасымалын тоқтатуы керек деген шешімге келдік. Бұл туралы президент Ши Жиң Пиңмен телефон арқылы әңгіме барысында талқылады", -деді.
Дональд Трамптың Қытай басшысымен телефон желісінде сөйлескені туралы Ақ үй де арнайы мәлімдеме жасады. Онда "Америка Президенті өз әріптесінен Солтүстік Кореяның провокациядан бас тартып, денуклеризацияға (қарусыздану) бағыт алуы үшін қолында бар барлық тетіктерді пайдалануын сұрады" делінген.
Дональд Трамп өзінің твиттер парақшасында: "Қазір ғана Ши Жинпиң мырзамен сөйлестім. Солтүстік Кореяға қарсы қосымша санкциялар бүгіннен бастап күшіне енеді. Бұл мәселе көп ұзамай шешіледі" деп жазды.
Шиньхуа ақпараттық агенттігі Ши Жинпиң Дональд Трампқа: "Пекиннің мақсаты Солтүстік-шығыс Азияның тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету және Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуына ықпал ету" екендігін хабарлады деп жазды.