Бүгін Алматы халқы белгілі педагог,  физика-математика бағытындағы білім беру үздігі Әбдімәжит Өтешпен қоштасады. Қоштасу рәсімі сағат 10:00-де "Алатау" дәстүрлі өнер театрында өтеді.

Айта кетейік, кеше № 178 мектеп-лицейі ұжымы Әбдімәжит Өтештің қайтыс болғаны туралы хабарлаған. Ұжымның мәліметінше, Әбдімәжіт Қоңырбайұлы жүрек сырқатынан қайтыс болған. Ол біраз уақыт бұрын ауруханаға жатқызылған.

Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш 1958 жылы 28 маусымда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы мектепте білім алып, 1972 жылы Республикалық физика математика мектебіне оқуға түседі. 1978 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін математика мамандығы бойынша тәмамдаған. «Құрмет» орденінің және «Ыбырай Алтынсарин» сыйлығының иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, аудандық, қалалық, республикалық деңгейде әртүрлі алғыс хаттармен, грамоталармен марапатталған.

Қазақстандықтар Әбдімәжит Қоңырбайұлын үздік математик, білімді педагог, білікті басшы ретінде жақсы біледі. Сондай-ақ, өмірінің соңғы жылдарында басқарған № 178 физика-математика бағытындағы мектеп-лицейі де Алматы қаласы бойынша ғана емес, республика бойынша да ең үздік мектептердің қатарында.

“The Qazaq Times” ақпараттық, қоғамдық-саяси порталы марқұмның отбасына, туған-туыстарына, достарына көңіл айтады.

“The Qazaq Times”