Америка Құрама Штатының президенті Қытай сапары кезінде жасаған мәлімдемесінде, екі ел арасындағы 310 млрд долларға тең келетін сауда тапшылығының барлық жауапкершілігі АҚШ-тың мойнында екенін айтып өтті. АҚШ-Қытай арасындағы сауда тапшылығын Құрама Штаттың мойнына алуы Қытай үшін үлкен жеңіспен пара-пар.

BBC-дің берген хабарында, осы жолғы кездесуде Трамптың Қытайға қаратқан позициясы жұмсарды делінген. Ал, АҚШ-тағы «The New York Times» басылымы «Трамп Солтүстік Корея мәселесі мен сауда ынтымақтастығын қалай шешпек?» атты мақалада да Трамптың әуелдегі Қытайға қаратқан позициясының өзгергенін айтыпты. Осыған дейін Трамп үкіметі Қытайды әділетсіз сауда жасап келеді деп айыптаған болатын.

Трамптың Бейжің сапарының екінші күні Тян-анмын алаңының батысына орналасқан «Халық сарайы» алдында салтанатты қарсы алу ұйымдастырылған. Дәл осы сарайда Трамп «Қытай басшысын мақтай сөйлеп, оны жергілікті халық қолдайды» деген пікірін білдірген.

Трамп пен Ши Жинпиң азық-түлік, энергетика, авиация салаларында бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізді. Дегенмен, Қытай банк және технология тармақтарын АҚШ-қа ұсына қоймады. Трамп болса, АҚШ-та болған сауда тапшылығының басым бөлігі Қытаймен болған сауда тапшылығынан келіп шығуын бұрынғы үкіметке артты. Ол үшін Қытайдың жауапкершілігі жоқ деп тапты. Қытайға келуден бұрын Трамп АҚШ-тың сауда тапшылығына қалуы Қытайдың әділетсіз сауда жасауында деп келген еді. Тіпті Қытайдың бұл ісі әлемдік саудаға апат әкеледі деп тауып, Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым жолдаған .

Трамптың Қытай сапарынан кейін оның әуелгі позициясынан айнып кетуі жаңа сауда келісімі мен Солтүстік Корея мәселесінде Қытайдың мол жәрдеміне ие болу деп болжауға болады. Десе де, Трампқа Бейжің сапарының қай тұсы мұндай шешім қабылдатуға ықпал еткені анық емес.

“The Qazaq Times”