Қытай Коммунистік партиясы Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) статусын Мау Зыдоңның (Мао Зедун) деңгейіне көтерді. Құрылтайдың жабылуында партия лидерлері Конституцияны өзгертіп, «Ши Жинпиңнің Қытай бірегейлігіне сай жаңаша социализм туралы идеясы» деген ұранды партия жарғысына қосты. Бұл туралы сол елдің «People» және «Шинхуа» сынды ресми ақпарат көздері мәлімдеді.
Партия жарғысында осыған дейін коммунистік Қытай билігінің алғашқы төрағасы Мау Зыдоң мен 80-ші жылдардағы реформатор Дың Шяупиңнің аты ғана аталып келген. Сарапшылардың пікіріне сенсек, бұл Қытайдағы жаңа дәуірдің басталғандығын білдіреді екен. Бұл дегеніміз Ши Жинпиңге қарсы сөз айту - партия уставы мен жарғысына қарсы шыққанмен бірдей дегенді білдіреді. Ол 2012 жылдан бері биліктегі ықпалын толассыз арттырып келе жатқан болатын. Ал, Қытай үкіметінің көз алдағы мақсаты ел ішіндегі бекемділікті сақтап, шетелдердегі ықпалын кеңейте түсу.
Құрылтайдың ашылу салтанаты кезінде Ши Жинпиң өзінің «Қытай ерекшелігіне ие жаңаша социализм құру туралы ойларын» үш сағатқа созылған баяндамасында таныстырып өткен еді. Осыдан кейін бұл «Ши Жинпиң идеясы» деп аталып, оқушы-студенттер, жұмысшылар, мемлекеттік қызметкерлер және ҚКП-ның 90 млн мүшесінің үйренуіне тура келеді.
Ши Жинпиңнің есімі партия жарғысына енуі оның барлық саяси қарсыластарын жоқ етумен бірдей. Оған ендігі жерде ел ішінде ешбір қарсы сөз айтылмайды. 2 мыңға жуық делегат қатысқан құрылтайдың соңғы күндерінде Орталық комитетің жаңа құрамы белгілі болмақ. Ал бүгін Қытайдың ең жоғары саяси бюросының мүшелерінің есімі жарияланады. Бұл есімдердің арасында болашақ Ши Жинпиңнің мұрагері де бар. Бірақ қазір мұрагердің кім болатыны анық емес.