Америкалық Forbes журналы 2017 жылғы ең бай 400 америалықтың тізімін жариялады. Жаңа рейтинг бойынша АҚШ Президенті Дональд Трамптың көрсеткіші төмендеп кеткен. Осы жолы оның қаржысы 600 млн долларға азайып, 3,1 млрд долларды құрады және рейтингте 248 орында тұр.
Рейтинг бойынша Американың ең бай адамы ретінде Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс болып қалды. Оның қаражаты бір жалда 8 млрд долларға көбейіп, 89 млрд доллар болды. Екінші орында интернет алпауыты Амазонның және Blue Origin аэроғарыш компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос, ол 2017 жылы өзінің табысын 14,5 миллиард долларға арттырды. Ал Berkshire Hathaway компаниясының бас атқарушы директоры және инвестор Уоррен Баффеттің табысы бір жылда 12,5 миллиард долларға көбейіп, 78 миллиард долларға жетті және осы қаржысымен үшінші орынды иеленді.
Ал алғашқы бестікке Facebook-тың негізін қалаған Марк Цукерберг пен Oracle компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ларри Элисон кіреді. Цукербергтің қаражаты бір жыл ішінде 15,5 млрд-ға көбейіп, 71 млрд доллар болса, Элисонның жағдайы 9,7 млрд-қа артып, 59 млрд долларға жеткен.
Сондай-ақ, рейтингке ілінген 400 америкалық байдың ішінде ең жасы - Snapchat желісінің негізін қалаушылардың бірі Эван Шпигель, оның қаражаты - 3,1 млрд доллар. Ең кәрі миллиардер - 94 жастағы девелопер Алекс Спанос (2,4 млрд доллар), ең бай америкалық әйел Walmart сауда желісі иелерінің бірі Элис Уолтон. Ол 38,2 млрд доллар қаржысымен рейтингте 13 орында тұр.