Йемен Сауд Арабиясына қарата зымыран атты – деп хабарлайды Press TV телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, зымыран Сауд Арабиясының оңтүстік-батысындағы Джизан ауданына қарата атылған. Жергілікті билік өкілдері мен құқық қорғау органдары зардап шеккендер мен жарақат алғандар жайында ешқандай ресми ақпарат таратпаған.
Бұл Йеменнің Сауд Арабиясына қарата алғаш зымыран атуы емес. Бұған дейін Йемен шілде айында Мекке қаласын баллистикалық зымыранмен атқылаған болатын. Ол кезде Сауд Арабиясы әуе қорғанысы Мекке қаласынан бірнеше шақырым жерде шаһарға бағытталған Йемен зымыранын атып түсірген болатын. Ал мамыр айында Сауд Арабиясы әуе қорғанысы ел астанасы Эр-Риядқа бағытталған зымыранның көзін жойған.
Йеменде 2014 жылдан бері азамат соғысы болып жатыр. Соғыс Йеменнің экс-президенті Әли Абдалла Салехты қолдайтын «Ансар-Алла» ұйымы мен қазіргі президент Абд Раббу Мансур Хади әскері арасында болуда. Билік әскерін осы уақытқа дейін әуе мен жерде Сауд Арабиясы бастаған әскери коалиция қолдап келеді.