АҚШ-Иран арасындағы шиеленіс тағы да қызғалы тұр. АҚШ президентінің Иранға қарата «2015 жылғы ядролық келісімді сақтаған жоқ» деген айыптауына Теһран (Тегеран) тарабы күшті қарсылықтарын тоқтатар емес.
Қазіргі уақытта әлем елдері Құрама Штаттың Иран келісімінен шығып кетуінен алаңдауда. Ал, Дональд Трамптың пікіріне қарсы ИИР-ның президенті Хасан Рухани өткен аптаның соңында: «АҚШ президенті Трамп бұл келісімді бұза алмайды. Иранның бұл келісім бойынша көрсеткен нәтижесін бір емес, он Трамп келсе де терістей алмайды», – деген пікір білдірді. Бұл туралы «Шинлаң» ақпараттық агенттігінің ресми сайты хабарлаған еді.
Жоғарыдағы пікірін Иран президенті Теһран Университетінің ашылу салтанаты кезінде айтқан. Ол сөзінде: «Иран ядролық келісімінен кейін біз қайталанбас нәтижелерді қолға алдық. Әрі ешкім де оны алып кете алмайды. Трамп та солай, бір емес, он Трамп келсе де бұны терістей алмайды», – деді.
Қазіргі жағдайдан алып қарағанда 2015 жылы жасалған келісім АҚШ жағынан бұзылатын болса, әлем елдері Иранды емес, керісінше Құрама Штатты айыптайтыны даусыз. Бұл АҚШ-тың әлем алдындағы беделіне нұқсан келтіреді. Дегенмен, өткен аптаның соңғы кезіндегі АҚШ басылымдарының хабарына сенсек, Конгресс келісімді бұзатын қадамға бара қоймайды деп үміттенеміз.