Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған дүйсенбі күні өткен референдум нәтижесінде Ирактағы Күрд Автономиясы тәуелсіздік алатын болса, аталған аймақтың тұрғындары ашаршылыққа ұшырайтынын ескерткен болатын.  Алайда, сарапшылар түрік басшысының бұл сөзі Ирак күрдтерінен көрі Түркиядағы күрдтерге қарата айтқаны деп қарайды.  Бұл туралы BBC сайты жазды.

Түркия билігі Ирактағы Күрд автономиясының тәуелсіздік референдумы түрік жеріндегі күрдтердің бүлігін күшейтеді деп қауіптенеді. 25 қыркүйек күні өткізілген референдум нәтижесі әлі де жария болмады. Солай бола тұрса да көпшілік сарапшылар, референдумға қатысқандардың көпшілігі тәуелсіздік алуды қолдап дауыс берген деп болжайды. Дегенмен Күрдстан автономиясының билігі бұл дауыс беру нәтижесін тез арада жариялай қоюға ниетті емес екені белгілі болып отыр. Олар дауыс беру нәтижесін Ирак үкіметімен және көршілес елдердің билігімен жүргізетін келіссөзде алға тартқысы келеді.

Ердоған күрдтердің референдумын «сатқындық», «ұлтты тұтастық пен қауіпсіздікке қатер төндіру» деп атағанымен, Түркия билігінің ирактық күрдтермен тығыз байланысы бар екені де мәлім. Түркияға Ирактағы Күрдістан арқылы өтетін мұнай құбырлары, түрік елінің энергетикалық қажеттілігінің бір бөлімін қанағаттандырып отыр. Сондықтан Ердоғанның пікірлері мен әскери және саяси қадамдары Түркияның аумағында өмір сүріп жатқан күрдтерге қаратылып отырғанын аңғартады.

Анкара билігінің тағы бір алаңдайтыны, Күрд автономиясы өз шекаралық аумағына балайтын Киркук қаласындағы этникалық түркімендердің тағдыры болып отыр. Бірақ бұл алаңдаушылығы, Анкараның ішкі қауіпсіздігіне деген алаңдаушылығының жанында ештеңе де емес. Кеше жасаған мәліметінде Ердоған Масуд Барзанидың ақыр соңына дейін дауыс беру нәтижесін күшінен қалдыруын күтетінін жеткізген. Дегенмен Күрдістаннан Түркияға өткен мұнай тасымалының жылдың алғашқы жарты айындағы табысы 5 млрд АҚШ долларын құрайды. Түркия бұндай табысты аймақпен ара қатынасын оңайлықта үзе қоймасы мүмкін.

“The Qazaq Times”