Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйектің 16-сы күні Ташкентке ресми іс-сапармен барғаны белгілі. Оны Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев әуежайдан күтіп алып, өзінің сыйлы қонағы екенін білдірді. Екі ел басшылары кездесу барысында әскери-техникалық, транспорттық, энергетикалық, су шаруашылығы және қаржы салалары бойынша 10 құжатқа қол қойды. Ташкенттегі кездесуден кейін Назарбаев пен Мирзиеев Ашхабадтқа V Азия ойындарының ашылу салтанатына бірге аттанды. Екі ел басшылары бұл жолғы кездесулері арқылы осы уақытқа дейін көптеген шетелдік сарапшылар мен батыс мемлекеттерінің "Орталық Азияда Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшы болуға бақталас болып келеді" деген пікірін жоққа шығарды. Осыған байланысты біз бүгін Назарбаев пен Мирзиеев кездесуі екі елге не береді және бұл ынтымақтастық Орталық Азияға қандай өзгерістер алып келуі мүмкін деген сұрақтарға жауап іздеп көруді жөн көрдік.

Тәуелсіздік алған 26 жылдан бері Қазақстан мен Өзбекстанның осынадай деңгейде қарым-қатынас орнатуы тұңғыш рет екені белгілі жайт. Оны мемлекеттік БАҚ өкілдері, түрлі саясаттанушылар мен халықаралық ұйымдар осыған дейін сан мәрте айтты. Өзбекстанда Ислам Кәрімовтың орынына Шавкат Мирзиеевтың билік басына келуімен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы интеграция дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сынды түркі тілдес мемлекеттердің бірігуіне, ынтымақтасып бір мәмлеге келуіне жол ашты. Орталық Азия көшбасшылары саналатын Қазақстан мен Өзбекстан 26 жылда болмаған келісімдерге қол жеткізді. Бұл дегеніміз Қазақстан мен Өзбекстан жақындасу арқылы Орталық Азия аумағынан батыс пен шығысты жалғайтын көпір жасайды деген сөз бе?

Әрине, бұның барлығын сөзбен айту оңай. Бірақ АҚШ, Ресей, НАТО сынды әскери державалар әлемді қайта бөліске салып, жер шарының әр түкпірінен соғыс ошақтарын тұтандырып жатқандығына қарап, «Ташкент пен Астана мұндай қадамдарға осы алып күштерге жұтылып кетпеу үшін барып отыр ма?» деген де ойға келесің. Өйткені соңғы уақытта ресейлік, еуропалық БАҚ өкілдері мен белгілі саясаттанушылар «Сүрия мен Ливиядан кейін келесі соғыс өрті Орталық Азия елдерінің бірінде болуы мүмкін» деген пікір айтуда. Оның үстіне жыл өткен сайын Қытайдың Орталық Азия елдеріне түрлі жолдармен өз ықпалын күшейтуі Назарбаев пен Мирзиеевтың бірігуіне алып келуі әбден мүмкін. Бірақ бір жағынан алып қарасаңыз қос елдің басшылары бұл интеграцияны Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» жобасы аясында жүзеге асырып отыруы да мүмкін. Бұлай дейтін себебіміз Назарбаев пен Мирзиеев мамыр айында Қытай астанасы Бейжіңде өткен «Бір белдеу-бір жол» бас қосуына қатысып қайтқан еді.

Бұл кездесуге байланысты ойымызды сан саққа жүгіртсекте бұл жолғы Назарбаев пен Мирзиеев келіссөзі алдағы уақытта Орталық Азияға үлкен өзгерістер алып келетіні хақ. Ол өзгеріс жоғарыда аталған әскери-техникалық бірлестік, сауда-саттық, қаржы салаларынан бастап, гидроэнергетика саласына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы даулы Рогунск ГЭС-нің салынуына жаңа дем беруі керек. Бұдан бөлек Назарбаев пен Мирзиеев Бішкек пен Душанбеге осы уақытқа дейін шешімін таппай келген трансшекаралық өзендердің Қырғызстан мен Тәжікстанға ғана тиесілі емес Орталық Азия елдерінің барлығына тиесілі екенін өз сөздерінде білдіруде. Бұл ұзақ жылдар бойы Астана мен Ташкентке су мен энергетика саласында қиқар саясат ұстанып келген Бішкек пен Душанбеге сөз жүзінде болсада ескерту. Назарбаев пен Мирзиеев бірлестігі осы ескертулері арқылы көршілес қос елге «біздің көшбасшылығымызбен әлем көшіне ілесу үшін біздің талаптарымызды орындайсың» дегенді меңзегендей болды. Бұндай тізе батырудан бөлек Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстан мен Тәжікстан елдеріне көмек қолын да созды. Мысалы Астана Бішкекке бірнеше мәрте қаржылай көмек жасады. Ал Ташкент Қырғызстан мен екі ортадағы шекараны делимитациялау жұмыстарын жылдамдатып, Ислам Кәрімовтың кезінен бері жабық жатқан екі ел арасындағы шекараны ашып,  көлік тасымалының жұмысын жақсартты.

Қорыта келгенде Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтың бұл жолғы кездесуі Орталық Азиядағы түркі тілес мемлекеттердің бірігуіның алғышарттары болды. Кеңестер одағы құлағалы бері Қазақстан мен Өзбекстан өз бетінше өмір сүріп келген болса, енді олар осы кездесуден кейін көп дүниені бірлесіп шешуге бел байлағандай. Бір сөзбен айтқанда қазақ-өзбек қарым-қатынасының жақсаруы қос елді дамудың жаңа жолына алып шығып қана қоймай, геосаяси тұрғыда Орталық Азияның әл-ауқатын арттаруы тиіс. Ең бастысы бауырлас елдердің басшылары әлем алпауыттарына жұтылып кетпес үшін селбесіп өмір сүруді құжат жүзінде емес, шын мәнінде түсінсе болғаны. Ал Назарбаев пен Мирзиеев кездесуі қаншалықты нәтижелі болады, ол жағын уақыт көрсете жатар.

“The Qazaq Times”