Бүгін түрлі энциклопедиялық басылымдарды шығарып, отандық баспа ісі саласында өзіндік орны мен қолтаңбасы бар «Қазақ энциклопедиясы» баспасының құрылғанына 50 жыл толды.
1967 жылы құрылған баспа салалық кітаптар, тақырыптық басылымдар, өңірлер тарихы мен тұлғалардың өміріне жекелеген энциклопедиялық жинақ шығарудың шеберіне айналды. Жарты ғасырлық қызметте Қазақстанның тарихи, мәдени құндылығын қағазға басқан шежіре баспа деп айту артық болмас.
«Энциклопедия» көне грек тілінде айналым негізінде оқыту, яғни толық білім беру деген мағынаны білдіреді. Сол көне грек заманында грамматика, риторика, диалектика, геометрия, арифметика, музыка мен асторономия секілді жеті саланы анықтап көрсету үшін қолданылған болса, уақыт өте келе мағынасы кеңіп, қамтитын аумағы ұлғайды. Әр алуан мазмұндағы жинақ болған қараған энциклопедия жылдар өте келе белгілі бір тақырып аясындағы білімді топтастыратын құрал ретінде қалыптасты.
«Қазақ энциклопедиясы» баспасы осынау жылдар ішінде елімізде ғылым, өнер, сәулет, салт-дәстүр, ұлттық болмыс мен бітімнен толық ақпарат беретін салалық жинақтар мен көптомдықтарды шығаруда білікті де тәжірибелі ұйым ретінде туын жықпай келеді. «Қазақ совет энциклопедиясын» дайындаған баспа «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын шығарды.
Ауқымды жұмыс басы-қасында жүрген білікті энциклопедистер, тағылымды ғалымдар, ізденімпаз мамандар мен сауатты редакторлар мен дизайнерлердің еңбегінсіз аяқталмайтыны әсте. Ұлттық ерекшелікті зерттеп, бүге-шігесіне дейін тізбелеп, айшықтығы мен анықтығына көз жеткізуде энциклопедист-ғалымдардың үлесі зор.
Өткенге көз салсақ, баспадан жарық көрген кітаптарда білікті де біртуар азаматтардың қолтаңбасы қалған. «Қазақ энциклопедиясы» баспасының тұңғыш бас редакторлығын академик Мұхаметжан Қаратаев тағайындалып, танымал ғалымдар мен мамандардан құралған Бас редакция жасақталған. Оның данынан әр сала бойынша 29 ғылыми топ құрылғаны – тарамдалған тарихты басылымға тоғыстыруға деген құрмет пен құштарлықтың белгісіндей.
Осынау жылдар аралығында Манаш Қозыбаев, Рымғали Нұрғалиев, Әбдімәлік Нысанбаев, Бүркітбай Аяған, Бауыржан Жақып сынды біртуар тұлғалар басшылық қызметті атқарып, том-том кітаптардың басылуына, сапалы дүниенің қалыптасуына зор еңбек сіңірді.
Міне, 50 жыл бойы мемлекеттік энциклопедиялар, жинақтар, анықтамалықтар мен шежірелерге қажетті мәліметтерді құмнан алтын іздегендей жинақтап отырған қазынаға айналды.
Баспа мемлекеттің меншігінде болып, әмбебап, салалық, өңірлік, арнайы және атаулы басылымдарды құрастырып шығарып келді. Дегенмен нарық заманының талабына қарай, бәсекелестік ортаға коммерциялық ұйым ретінде енді. Өзге баспалар секілді дамудың жаңа сатысына көтерілді.
Жеке меншікке айналу – нарықтық экономика талабында бәсекелестер ортасында кітап басу ісінде жаңа технологияларды енгізе отырып, баспа ісінің маркетингін қалыптастыруға, шынайы қабілетті танытудың мүмкіндігі. Жеке қызмет ету деген мемлекеттік қолдаудан мүлдем бас тарту емес. Бұл мемлекеттік тапсырысты алу, тендерге қатысу, ұтымды баға ұсына отырып, сапалы дүние жасап шығару. Бұл жолдан тек мықтылар өтетіні анық.
Қазіргі таңда Нұрымжан Мауытов, Гусман Жандыбаев, Қошым-Ноғай Кенжеғали, Ғалия Егеубаева, Клара Саркенова, Меруерт Байленова, Қадырбек Ахметов, Серікбек Арынғазин, Гүлхан Алмасбекова, Индира Иманәлиева, Гүлмира Жалғасова, БерікТөлебаев сынды мамандар жұмыс істейді.
Мамандар еліміздегі белгілі ғалымдармен, ғылыми-зерттеу институттармен, озық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, әрбір жинақтың мәліметтерін зерттеп, зерделеп, мұқият тексереді. Оқырман қолына тиетін энциклопедия, жинақ, монографиялардың барлығы да өз ісін сүйетін шеберлердің қатаң сүзгісінен өтеді. Қымбат бумвинилмен қапталып, алтынмен бедерленген экнциклопедиялар кез келген кітап сөресінің сәніне айналып қоймай, қанашама жанның пайым-парасатын арттырып, білім толықтырары анық.
50 жыл бойы білім нәрімен сусындатып келген «Қазақ энциклопедиясы» баспасы ұлттық мақсат пен мүдде жолында аянбай еңбек етері хақ. Қазақ баспа ісінің құлагері ұлттық құндылықты сақтай отырып, ұрпақ тәрбиесіне экнциклопедиялық білім беруге әзір.
Жадыра Тойбай,
«Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры