Журналистер арасында дін саласындағы өзекті мәселелерге қатысты үздік шығармаларға байқау жарияланды. Байқауды Ұлттық журналистік зерттеу орталығы ұйымдастырды. Байқауға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті қолдау танытып отыр.
Байқау 2017 жылдың 1 маусымы мен 1 қазаны аралығында ұйымдастырылады. Жеңімпаздарды марапаттау 18 қазан – ҚР Рухани келісім күні мерекесі қарсаңында Алматы қаласында өтеді.
Байқау жүлдесінің жалпы қоры – 1 000 000 теңге.
Байқаудың мақсаты:
- Діни сенім бостандығына байланысты ҚР мемлекеттік саясатын, негізгі ұстанған ұстанымын, саясатын түсіндіру, қоғам назарын дін саласындағы түрлі мәселелерге аудару;
- Ұлт мүддесіне нұқсан келтіретін түрлі діни теріс ағымдар мен экстремистік топтарға қарсы күресті күшейтуге үлес қосу, жат пиғылды топтарға қарсы ақпараттық кампанияны құру;
- Болашақ ұрпақ бойына ұлттық діл мен дәстүр жөнінде тәлім-тәрбиені сіңіру;
Байқау номинациялары:
Діни экстрмемизмнің алдын алуға байланысты байқау келесі номинациялар бойынша жүргізіледі:
- Үздік әлеуметтік бейнеролик;
- Үздік теле бағдарлама;
- Үздік радио бағдарлама;
- Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік материал;
- Интернет желісіндегі орыс тіліндегі ең үздік материал;
- Мерзімдік басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала;
- Мерзімдік басылымдардағы орыс тіліндегі ең үздік мақала;
- Үздік интернет желі;
- Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ;
- Ең белсенді блогер;
Байқау шарттары:
Алматы қаласында тіркелген БАҚ-тағы кез келген журналист қатыса алады. БАҚ басшылығының рұқсаты талап етілмейді. Байқау екі тілде өтеді.
Байқауға 2017 жылғы 1 маусымнан бастап 1 қазан аралығында жарияланған материалдар қабылданады.
Басты қойылатын талап – Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіру, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, діни экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологиясы мен олардың зияндығын ашып көрсету.
Қандайда бір діни ұстанымды немесе дінді насихаттауға бағытталған материалдар қабылданбайды.
Байқауға қатысушылар Ұйымдастыру комитетіне (Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71-үй, ҚазҰУ-дың журналистика факультеті, №218 бөлме, байланыс телефоны: 87775654078) хабарласа алады.
Мынадай құжаттарды қоса жіберілуі тиіс:
1) журналист туралы ақпарат:
- автор туралы мағлұмат /туған жері, күні, айы, жылы, телефон/;
- жұмыс істейтін БАҚ анықтамасы.
2) байқау материалы жарияланған газет-журналдың түпнұсқасы, сайттағы материал скриншотпен және қағаздық нұсқасы, теле-радио бағдарламалардың DVD, CD форматындағы дискілерге жазылған нұсқасы (қағазға түсірілген нұсқасымен бірге).
Байқау кезеңдері:
- Байқауға қатысушылардан материалдарды қабылдау (1 қазанға дейін);
- Материалдарды сараптау және жеңімпаздарды анықтау (1-10 қазан аралығы);
- Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау (Рухани келісім күні қарсаңы).
Байқау жеңімпаздарын марапаттау:
Байқауды ұйымдастыру комитеті жүргізіп, жеңімпаздарды 5 немесе 7 адамнан тұратын қазылар алқасы таңдайды. Алқа байқау марапаты басталғанша құпия түрде сақталады. Байқауға ұсынылған материалдар қайтарылмайды. Байқау жеңімпаздары арнайы номинациялар бойынша тағайындалған ақшалай жүлделермен және арнайы дипломдармен марапатталады.