АҚШ-тың қорғаныс министрі Жеймс Маттис (James Mattis) өткен аптаның соңында Солтүстік Кореяға ашық әрі қатаң ескерту жариялаған болатын. Ол сөзінде: «АҚШ-қа және AҚШ-пен одақтас елдерге қаратылған әрқандай шабуылдарға ірі көлемде әскери тойтарыс береміз. АҚШ Солтүстік Корея сынды осы бір елдің күлін көкке ұшыруды қаламайды. Дегенмен де, бізде мұндай сорақылықты тізгіндейтін көптеген талғамдар бар», – деді. Мұндай зілді баяндама жасаудың алдында ол АҚШ президенті Дональд Трамп басқарған мемлекеттік қауіпсіздік істерінің шұғыл жиналысында болған. Бұл жиналыс Солтүстік Кореяның алтыншы рет жасаған көлемді әрі қауіпті баллистикалық зымырандар сынағына байланысты ашылған.
Маттис жасаған баяндамада, одақтас елдер ретінде Жапонияның, Оңтүстік Кореяның қауіпсіздігіне селкеу түсетін болса шара қолдануға әзір екенін жеткізді. Әрі АҚШ бұл қадамға барса, жай ғана сөз емес, аса қатаң түрде әскери әрекет жасайтынын қадай айтты. Сондай-ақ, ол Солтүстік Кореяның АҚШ және онымен одақтас елдерінің сөзін тыңдауын, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шектеулерін қатаң орындауын үміт етті.
Осыдан бұрын президент Трамп Солтүстік Кореяны «ақымақтар еліне» балап, Қытай мен Оңтүстік Кореяны да осы бір ақылсыз елге ешқандай саяси шара қолдана алмады деп жазғырған еді. КХДР-дағы ядролық қарудың мәселесі қайта үдеген тұста, АҚШ үкіметі аталған елдің экономика қайнарын үзіп тастауға құлшыныс танытқан. Ақ үй билігіне келгеніне ұзақ бола қоймаған Трамп жөнінен алғанда, түбектегі текетірес халықаралық ең өзекті проблемаға айналған болатын.
АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония және Оңтүстік Корея БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне өтініш жазып, дүйсенбі күні Солтүстік Кореяның ядро мәселесі жөнінде ашық шұғыл жиналыс ашуды талап еткен. Жексенбі күні Дональд Трамп Twitter парақшасында «Солтүстік Кореяның әрбір әрекеті аса қатерлі» деп оларды адамзаттың жауына балайтынын жазған. Қытай мен Оңтүстік Корея елі осы қатерлі әрекетке барған мемлекетті тізгіндеу жолында бізбен селбеспей отыр деген сынын да емексітеді, Ақ үй басшысы. Осыдан кейін, Солтүстік Кореяның әр елмен болған сауда қатынасының жолын үзбекші екенін де парақшаға жазды.
АҚШ-тың Қазына департаменті (Steven Mnuchin) де президенттің көзқарасын құптайтынын, санкцияны тіпті де күшейту арқылы тебінінен қайтпай келе жатқан тентек елді тектеп қою керектігін көп рет тілге тиек етті. Ол бұл пікірін “Fox News” арнасында білдірген еді.
Солтүстік Кореяның сауда серіктестері Қытай, Ресей, Үндістан қатарлы елдер саналады.
Дональд Трамп пен қорғаныс министры Жеймс Маттистің бастамасын АҚШ-тағы жоғары лауазымды көптеген тұлғалар да қолдап отыр. Олардың қатаң пікірі тек ел ішінен емес, Оңтүстік Кореяның да маңызды адамдарынан қолдау табуда. Оңтүстік Кореядан Чонг Ва Дэй АҚШ-пен келісім үстелінде отырып, Түбекті ядросыздандыру соғысына дайындалуға ниетті екенін жеткізген.
Осы айдың соңына ала Біріккен Ұлттар Ұйымы келелі кеңес ашып, онда әлемнің әр елінен келген басшылар сөз сөйлейді деп күтілуде. Жоспар бойынша 19 қыркүйек Дональд Трамп сол мінберде түбек мәселесі жөнінде баяндама жасайды екен. Жапония мен Оңтүстік Корея БҰҰ-да ашылатын осы жиналысты күтіп отырмай-ақ, АҚШ пен бірге түрлі деңгейдегі селбестіктер жасауға дайын екенін білдіруде. Қалай дегенмен, БҰҰ мінберіне Ким Жоң Ун-ның шыға қоюы екіталай.
Ал, Солтүстік Корея аспан астын алаңдатқан алтыншы реткі баллистикалық зымырандар сынағын сәтті өткізгенін хабарлап отыр . Жер астындағы дүмпуі дүниенің зәресін алғанын үлкен жетістікке балайтынын жазады.
Оңтүстік Кореяның мемлекеттік кеңесінің Қауіпсіздік істер төрағасы Ким Яң Вудың (Kim Young-woo) мәлімдеуінше, Солтүстік Корея жасаған жарылыс сынағының салмағы 100 мың тоннадан асады, ол аталған елдің бұдан бұрынғы сынақтарының он есесінен де асып түседі. Тіпті, 1945 жылғы АҚШ -тың Жапонияда жарған бомбасының бес есесіне тең келеді.
Әлем халқын алаңдатқан зымырандар сынағын алтыншы рет аса ірі көлемде жасаған Солтүстік Кореяның ақылға сыйымсыз әрекетіне саяси сарапшылар сан түрлі болжамдар айтуда. Дегенмен, бастапқыда, арғы-бергі құрлықтағы елдердің назарына аса іліне қоймаған еді. Онсызда құлақ үйренген аты шулы түбек мәселесі алғашында көршілерден алыс мемлекеттерді қорқыта қоймаған. Алайда, алтыншы реткі сынақ адамзат тарихында аса ауыр қаупімен қай елді болмасын қорқыныш әлеміне жетелеуде.
Әділет Ахметұлы