2017 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстан Республикасында инфляция 3,9%-ды құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баға азық-түлік тауарларына осы жылғы сегіз айда (2017ж. тамыз 2016ж. желтоқсанға) 3,6%, азық-түлік емес тауарларына – 4,2%, ақылы қызметтерге – 4%-ға өсті.
Осы жылдың басынан (2017ж. тамыз 2016ж. желтоқсанға) бағаның өсуі картопқа 17,3%, қой етіне – 12%, сиір етіне – 11,2%, консервіленген сүтке – 8,7%, кондитерлік өнімдерге – 7%, жылқы етіне – 6,6%-ға, сары майға, мәйекті ірімшікке – 6,5%-дан, жаңадан жиналған жемістерге – 2,4% болды.
Бағаның төмендеуі қиярға 68,6%, қызанаққа – 55,2%, жұмыртқаға – 30,2%, сарымсаққа – 23,2%, қарақұмық жармасына – 18,8%, тәтті бұрышқа – 17,9%, күнбағыс майына – 10,4%-ды құрады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер кәрізге 9,6%, орталықтан жылытуға – 7,3%, тұрғын үйді күтіп ұстауға – 6,2%, суық суға – 5,7%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 4,8%, электрэнергиясына – 3,8%, ыстық суға – 3,6%-ға жоғарылады.
Айта кетейік, министрлік статистикасына қарасақ, инфляция деңгейі біраз бәсеңденендей көрінеді. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары қымбат қалпында сақталғанын байқаймыз.