23 тамыздан бастап АҚШ Ресейге виза беруді тоқтатады. Бұл туралы Ресейдегі АҚШ елшілігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап Риа Новости хабарлады.
"Ресей Федерациясының АҚШ-тың дипломатиялық қызметкерлерінің санына шектеу қою туралы қабылдаған шешіміне байланысты 2017 жылдың 23 тамызынан бастап Ресей бойынша иммиграциялық емес виза беру тоқтатылады", - деп хабарлаған елшілік.
Ал бұл мәселе қыркүйек айында тек Мәскеуде ғана қайта қалпына келеді.
"2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бұл процедура қайта қалпына келеді. Ресейдегі АҚШ-тың консулдығында иммиграциялық емес визаны беру белгілі бір уақытқа тоқтатылады", - делінген елшілік хабарламасында.
Елшіліктің мәліметінше, виза алу бойынша бұған дейін тағайындалған әңгімелесулер кері шегеріледі, ал АҚШ визасын рәсімдеуге құжаттарын тапсырғандарға әңгімелесуге қатысты өзгерістер хабарланып отырады.
Айта кетейік, осы жылдың шілде айында Ресей Президенті Владимир Путин Ресейде тұратын АҚШ дипломатиялық қызметкерлерін қысқартатынын растаған. АҚШ Ресейге бағытталған жаңа санкцияны бекіткеннен кейін, оған қарсы жауап ретінде Ресей ел ішіндегі АҚШ дипломатиялық қызметкерлерін қысқартуды жөн деп тапқан.