2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша арнайы рұқсатпен жұмыс істеу үшін тіркелген шетелдіктердің саны 27 мыңға жеткен. Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтәк қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, миграция туралы заңына енгізілген түзетулерге байланысты шетелдік қызметкерлерді тарту жұмыстары жеңілдеп, олардың біліктілігіне қойылатын талаптар қатаңдатылған.
"Қазіргі кезде арнайы еңбек рұқсаты бойынша елімізде 27 мың шетелдік жұмыс істеп жатыр. Бұл Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың 0,4 пайызын құрайды. Бұл кішігірім көрсеткіш", - деді Дүйсенова.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2017 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстанға тұрақты тұруға келгендердің тіркелу саны 2016 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 36,3%-ға көбейіп, 7 204 адамды құрағанын хабарлаған. Ал елден кеткен көшіп-қонушылардың саны 4,0% көбейіп, 10 975 адамды құраған.