Араб елдері арасында болып жатқан Катар дағдарысының оң өзгерістері байқалды. Көптен бері Сауд Арабиясы бастаған елдердің Катарды бұғаттауын қолдап келген АҚШ үкіметі соңғы кезде Катардың лебізіне бас шұлғып шыға келді.
21 шілде күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Тиллерсон хабарлама жариялап, Катардың терроризмге қарсы тұруда оң қадамдарға барғанын, сондықтан Сауд Арабиясы бастаған елдердің Катарға салған санкциясының тезірек күші жойылатынына үміт ететінін айтты.
Қытайлық «Шинлаң» ақпараттық агенттігінің ресми сайтының хабарлауынша, Тиллерсон бұл пікірін Оманның АҚШ-қа сапарлай барған СІМ басшысы Алабимен Уашингтонда өткізген баспасөз мәжілісінде білдірген. АҚШ пен Катар екі ел жақында терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сонымен Катар жағы Сауд Арабиясы бастаған елдермен болған кез-келген қайшылықты, Катар егемендігіне құрмет еткен жағдайда толықтай келіссөз арқылы шешуге дайын екенін мәлімдеген.
Еске сала кетейік:
- 5 маусым күні Сауд Арабиясы бастаған араб елдері Катардың құрлық, әуе және су жолдарын кесіп, түбекпен болған барлық дипломатиялық қарым-қатынасын үзген;
- 23 маусым күні Сауд Арабиясы бастаған елдер Катарға 13 тармақты талабын жолдаған;
- 5 шілде күні төрт елдің 13 тармақты талабын Катар жағы түгелдей теріске шығарды;
- 11 шілде күні Катар мен АҚШ екі ел терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.