Қазақстан география жағынан Қытайдың Еуропаға шығатын жалғыз сенімді көпірі, әрі еш кедергісіз келетін энергия көзі. Мұны анық білген Қытай өз мақсатына жету үшін Қазақстан билігімен жиі-жиі бас қосып маңызды да мазмұнды жиналыстар өткізіп, Қазақстанның мемлекеттік жоба жоспарларына өзінше көмек берген сыңай танытып жүр. Осылайша жан сала жақындай түсіп, жыбырлап  жылжып келеді.

Қытай ақпарат көздері көбінесе «дүниедегі ең сенімді әріптесіміз, досымыз – Қазақстан» - деп, жар салады. Алайда осы жерде «Қытайлар шынында да Қазақ ұлтын жақсы көре ме, шынымен жанашырлық істей ме?» деген  заңды сұрақ туындайды. Себебі қазіргі уақытта Қытайда болып жатқан жайсыз жағдайлар мен құбылмалы құйтұрқылықтар, жаңадан шығарып жатқан «қисынсыз ереже-тәртіптер» бұл сұраққа тек қана «жоқ» деп жауап бере алады.

Қытайда жалпы Шыңжаң өлкесі жер көлемінің жартысына жуық бөлігін үстайтын «Іле Қазақ автономиялы облысы» бар. Мұнда ұзын саны  4 қала, 24 аудан 150-ге тарта ауылдың бәріне дерлік Қазақтар жиі қоныстанған. 1 млн 600 мың Қазақ негізінен осы облыста тұрады. Біз білетін Қытай 2000 жылға дейін осы Қазақтарға ерекше үңіліп, құрмет-көзқараспен қарап тіс-тырнағын аса батыра қоймаған еді. Тіпті сол Қазақтардың Қазақстанға емін-еркін кіріп-шығуына, туысшылауына, оқуына,  көшіп-қонуына еш кедергі жасамаған болатын.

Алайда 2000 жылдардан бастап 1000-ға тарта Қазақ тілді мектептер, аяқастынан бірден қытай тілді мектептерге қосылып жіберілді. Осы осқырынған одағай саясаттың кесірінен қытай елінде, өз «ана тілін» білмейтін, ұлттық сезімнен жұрдай, дүр мінезді, дүбара ұрпақ өсіп келеді. Бұрын қазақша іс-қағаздармен жүретін үкіметтік органдар мен мекемелерді түгел дерлік Қытай тіліне ауыстырды. Осының салдарынан, қазіргі таңда, тіпті қазақи болмыстан өзгешеленіп кеткені сондай, өз баласын өз ана тілінде сөйлете алмай, ата-ана мен бала арасындағы ортақ тілдік, отбасылық тәрбие, тәртіп бұзыла бастады. Осыны көрген әр Қазақ келер ұрпағының болашағына алаңдап, «ұлт болып қалама, қалмай ма? » деген қорқыныш бойын биледі.

Сондықтан аттың басын елге бұрған Қандастарымыз көбейді, әрине олар жан бағу үшін емес, ұрпағын сақтап қалу үшін келді және келгісі келеді. Ал Қазақстан үкіметі де осыған дейін де шеттен келген қандастарымызға, ыстық құшағын ықыласпен жайып, қуана  қарсы алып, мемлекет бойынша тиісті заң- ережелер  шығарып, бағдарлама жасап, Қандастарымызға түрлі  тиімділіктер жасап жатыр.

Бізде осы  Қазақ елінің бір азаматы ретінде, Президенттің саясатын қолдап, «шеттегі Қазақтың отанына оралуына тек мемлекет қана айналысады» - демей, өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Осындағы ұлтжанды біраз азаматтар мен азаматшалар бірігіп, Қандастарымызды елге шақыру мақсатында Қытайдағы  4 қала, 24 аудан бойынша, WeChat  ақпараттық желісі арқылы топ құрып, қандастарымызға Қазақстанның қазіргі даму жағдайын, жер-су жағдайын таныстырып,  солтүстік аймақтардағы 7 облыс бойынша жер жағдайы, кәсіппен айналысу, мал бағу, егін салу т.б. ақпараттарды үзбей беріп, оларды елімізге келіп еңбек етуге үгіт жүргізіп келеміз. Осының нәтижесінде көптеген қандастарымыз елге көшіп келуге дайындалып, кейбірі үйлерін сатып, жүгін буып-түйіп, аттың басын Атажұртқа тартуды жоспарлап, тас-түйін дайын болған еді.

Өкінішке орай, осы жылдың басынан бері Қытайдың жергілікті үкіметі шұғыл түрде  заңсыздықтарға көшті, яғни осы Қандастарымыздың Қазақстанға еркін көшіп келуіне ашықтан ашық қарсы іс-қимылдар жасады және қазірге дейін жасап келеді, атап айтар болсақ, олар төмендегі бірнеше заңсыз тыйымдар еді:

  1. Қытайдағы Қандастарымыздың қолдарында заңды төлқұжаттарын еш себепсіз жиып алып, қайтарып бермей немесе отбасындағы бір мүшесіне (баласына не әйеліне) төлқұжат бермей, олардың Қазақстанға отбасымен толық келуіне тыйым салып отыр;
  2. Қазақстанға көшіп келу үшін төлқұжатқа жаңадан өтініш берген отбасына төлқұжат жасамай немесе отбасындағы бір мүшесіне (баласы не әйеліне) жасамай, сол арқылы тұтас бір отбасын жіпсіз байлап отыр;
  3. ҚХР да 30-40 жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан соң, бала-шағасын ертіп, заңды түрде Қазақстан Республикасына көшіп келген зейнеткерлерді Қытайға қайтадан шақырып алып, олардың Қазақстанда тұрақты тұруына рұқсат бермей, отбасынан айырып, тек ҚХР-да тұруға мәжбүрлеп отыр. Егерде олар ҚХР ға бармаса және ҚР азаматтығын қабылдаса, оларды «зейнетақыларыңды тоқтатамыз» деп қорқытып отыр. (ҚХР 1985 жылғы заңында, шетел азаматтығын алған зейнеткерлердің зейнет ақысын тоқтатпау туралы анық жазылған);
  4. Қытайдағы қандастарымыз, ұрпағын сақтау үшін, балаларын Қазақстан Республикасының балабақшаларында, мектептерінде, жоғары-оқу орындарына оқытып жатыр. Ал Қытай үкіметі осы оқушыларды еш себепсіз шақыртып, Қазақстанға оқытуға тиым салды, егер осы оқушылар бармаса, ол жақтағы әке-шешесіне, туыс-туғанына ерекше қысым жасап, қорқытуда;
  5. ҚХР-ның Қазақстандағы елшілігі, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымызға, Қазақстанның жергілікті азаматтарымен тең дәрежеде қарамай, оларға Қытайда туылғаны үшін, «топтық виза», «электронды виза» түрлерін бермей отыр;
  6. Қазақстанға көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымызды ҚХР жергілікті үкіметі шақыртып алып, оларға өзі тұрған орыннан тіркеуін өшіруін талап етіп, осы арқылы көшіп келген қандастарымызды жаппай Қытайға шақырып, түрлі тексеруден, көптеген органдардан рұқсат сұратып, оларды қинауда, ал заң бойынша бұл тіркеуден өшіру, Қазақстандағы ҚХР консулының жұмысы.
  7. ҚХР-дағы қандастарымызға түрлі үрей тудыратын, ауызша заңдар жасап, оларға Қазақстандағы туыс-туғандарымен байланыс орнатпауға, Wechat, WhatsApp сияқты байланыс құралдарындағы топтардан шығуға мәжбүрлеп, ұлттық мерекелер мен құттықтауға тыйым салып, осы мәселелер бойынша жаппай сұраққа алынуда;
  8. WeChat әлеуметтік желісінде Қазақстандағы туыстармен хабар алысып, әңгімелескені және бұрын Қазақстанға барып келгені үшін, 2017 жылдың 4 маусым күні ҚХР ШҰАР үкіметі жиналыс ашып, «Екібеткейлермен күресу» деген қаулы қабылдап, оларды жаппай тексеріп, сұраққа алып, «Саяси үйрену» деген атпен, арнайы орындарға алып кетіп, 1 айдан 1 жылға дейін қамап жатыр, Осы «Саяси үйрену»-ге барған азаматтар ендігі жерде «сотталған адам» ретінде есепке алынып, оларға шетелге шығуға тыйым салынады;
  9. Тіпті Қазақстанды 26 тыйым салынған, қауіпті мемлекеттер тізіміне енгізіп, Қазақстанға келіп-кетіп жүрген қандастарымызы сұраққа алып, «Саяси үйрену»-ге алып кетіп жатыр. Осыған байланысты Шыңжаң үкіметі жер-жерден жаппай ашық түрмелер салуда;
  10. Қытайдағы ҚР Төлқұжат-виза қызмет орталығында, тек көшіп келетіндерге арнайы көші-қон визасының кезексіз берілмеуіне байланысты, олар кез-келген уақытта визаларын ашып, көшіп келе алмай отыр;
  11. ҚХР жергілікті өкіметі, азаматтардың шетелге соның ішінде Қазақстанға шықпауын қаматамасыз ету үшін, оларды жаппай партияға өтуге мәжбүрлеп, сол арқылы партияға өткендер, шетелге шығуға болмайтынын заңмен ескертіп жатыр;
  12. ҚХР осы уақытқа дейін, әлемдік 4 үлкен дінді, соның ішінде Ислам дінін мойындап, , жергілікті тұрғындардың дінге сену еркіндігі туралы заң қабылдап, олардың ислам қағидаларымен жүріп-тұруына, мереке-мейрам өткізуіне, мешіт салуына, намаз оқуына заңмен рұқсат берген. Бірақ осы соңғы бірнеше ай ішінде өмір бойы осы мешітте мемлекет жағынан белгіленген Имамдарды жаппай түрмеге алып, алдын «түмеде өз-өзіне қол салды»- деп (екі имам), мүрдесін тексеруге бергізбей, күштеп тез жерлеткен. Ал әр мешітте әдеттегідей намаз оқитын ата-әжелерімізге дейін  қатаң сұраққа алып, оразада ораза ұстамауға бұйрық берген, түнде үйлерді аралап, шамы жанғандарды «сәресі іштің»  деп түрмеге алып кеткен.

Осылайша жоғарыдағы заңсыздықтар елімізге келуге дайын болып отырған қандастарымызды жіпсіз байлап, түрлі үрей мен қорқынышқа толы өмір өткізуге мәжбүрлеуде. Ал бұл заңсыздықтар Қытай заңына да Халқаралық заңдарға да қайшы екенін баршаға аян.

Қыдырәлі Оразұлы

“The Qazaq Times”