5 қаңтар кеште, Қытай астанасы Бейжіңде өзбек-қытай дипломатиялық қатынасының 25 жылдығына орай қабылдау жиналысы өтті. Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Ли Хуэй екі ел қатынасының өткені мен болашағы туралы сөз сөйледі. Өзбекстан мен Қытайдың сенімді достар екені баса айтылып, болашақта саяси сенімділікті басшылыққа алған қытай-өзбек жаңа қатынасын жасауға күш салатындарын айтты.
Ли Хуэй сөзінің соңын Қытай мен Өзбекстан дипломатиялық қатынасы «алтын ғасырға» аяқ басты деп түйіндепті. Ал Өзбекстанның Қытайдағы Елшісі Д.Құрбанов екі ел қатынасының болашақ дамуы баянды болатынына сенім білдірді. Жиналыста белгілі болғандай, екі ел барлық салаларда селбестік орнату арқылы жедел даму жобасын іске асырмақ. Бұл, әрине ең алдымен Өзбекстанға пайдалы болары анық.
Аталған жиын Өзбекстанның жедел дамуындағы тек алғашқы қадам ғана. Өзбек елі экономикасы мен өзге де салаларын дамыту үшін, әлі талай елдермен селбестік орнатары сөзсіз. Алғашқы кең көлемді селбестікті Қытайдан бастауының өзіндік себебі бар. Біріншіден, Қытай Өзбекстанға инвестиция салған алғашқы үлкен ел. Екіншіден, ең ірі сауда әріптесі. Екі ел әзірге дейін жетпістен астам салада селбестік орнатып үлгерген. 2013 жылдан бастап, Өзбекстанның Қытайға деген салқын қабағы жадырап, инвесторларын қабылдай бастады. Енді, міне кең көлемді селбестік жасауды қолға алып отыр. Бұл өзбек елін дамытуға үлкен серпін беретін қадам.
Негізі, Өзбекстан жедел дамуға дайын ел. Біздің ойымызша, оны мына бес жақтан көруге болады. Бірінші, адам саны. Өзбекстанда қазір 31 миллион халық бар. Енді 15 жылда 40 миллионға жететіні анық. Бұл көрсеткіш көп салаға тиімділік алып келеді. Айталық, экономикалық тұрақтылыққа кепіл болады. Екінші, ауыл шаруашылығы қуатты. Ауыл шаруашылығының түрі көп, бидайдан басқа барлық өніммен өзін-өзі қамдауға жеткілікті. Үшіншіден, Өзбекстан халқы негізгі кәсіп салаларына бейім. Сыртқа шығаратын еңбек күштерінің бәрі өзіне сай маманданған. Төртіншіден, елде осыған дейін жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп орындары бар. Айталық, машина жасау, резина, тұрмыстық жабдықтар, автокөлік қосалқы бөлшектерімен қоса, көмір, табиғи газ, мұнай, уран сынды қазба байлықтар өндіреді. Бесіншіден, ел экономикасы мен валютасы халықараға бағынбайды. Өзбекстанның 25 жыл бойы жабық саясат ұстануы – оның экономикасын сыртқа тәуелділіктен қорғап келді. Осы және өзге де артықшылықтар өзбектің алдағы жедел дамуына қозғаушы болатыны даусыз.
Елдің бұрынғы президенті И.Кәрімовтың саясаты Өзбекстанды біртұтас ұлттық мемлекетке айналдырды. Сырттан кіретін идеологиялық бөлшектеушілікке қарсы батыл қадамдарға барды. Бұның өзі мемлекеттік тұтастыққа кепіл бола алатын негізгі шарттың әзірлігін көрсетеді. Өзбек национализмі қалыптасып болды десек те артық емес. Қытайдан басталған жедел даму селбестік қарым-қатынастары өзбек елін он жылдың ішінде Орталық Азиядағы қуатты елдердің біріне айналдыруы әбден мүмкін. Бұл қарқынды даму үрдісі жалғаса берер болса, 15-20 жыл ішінде Өзбекстанды Орта Азиядағы көшбасшы елге айналдыра алады.
Әрине, бүгін қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы өзбектерден жақсы. Экономикамыз, халықаралық беделіміз ілргі. Табиғи ресурстарға бай елміз. Өзбектер Қазақстанға келіп жұмыс істеп жүр. Алайда, бұл мақтануға немесе екі елдің қуатын салыстыруға критери бола алмайды. Әр жылы келіп жұмыс істеген өзбек азаматтар Қазақстанның ұлттық валютасын алып шығып, Өзбекстан экономикасына қосады. Олар арзан жұмыс күші деп ойламаңыз. Бір айлық жұмысына 50 мың теңге алса да, ол өз елінің экономикалық жағдайына салыстырғанда сізден әлдеқайда табысты адам саналады. Өзбекстанға барып Қазақстанға ақша алып келетіндердің санымен салыстырып көріңіз, бұл біздің артықшылығымыз ба?! Ал енді Өзбекстаннан сыртқа шығып жұмыс жасайтындар бізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде кездеседі. Миллион өзбек сыртта еңбек етіп, айына бір доллардан еліне жіберіп отырса, Өзбекстан қалтасына айына миллион доллар түсті деген сөз.
Бүгін де, Қазақстан Орта Азиядағы көшбасшы ел деген сөз шындық болғанымен, жалаң мақтан бізді ертең күні көршілердің алдында ұятқа қалдырмасына кім кепіл. Халық санымыз 25 жылда 20 миллионды да құрап үлгермей отыр. Бұл бүгін де, ертең де ұлттық экономиканың тұрақсыздығын тудырады. Оған қарамастан, әлемдік экономика жүйесіне белсене араласып отырмыз. Оған қазақстандық «имиджге» айналып бара жатқан жемқорлықты қосыңыз. Біз не істеп жатырмыз, ел не істеп жүр. Мақсат өзбекті мақтап, қазақты жамандау емес, намысты жану.
"The Qazaq Times"