Қазақстанның 2050 жылға қарай 100%-ға баламалы энергетикаға өтіп, мұнай мен көмірден бас тартуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы Финляндияның күн экономикасы жөніндегі профессоры Кристиан Брейер Астана экономикалық форумында мәлімдеді.
Ол энергетика саласындағы түрлі интеграция деңгейін ескере отырып Қазақстанның баламалы энергетикаға өтуінің 3 сценариін атады.
"Қазақстан негізінен көмірге тәуелді, сіздерде гидростанция, мұнай, газ бар. Ал біздің елге келсек, күн энергиясын пайдаланамыз. Бұған Қазақстанда қол жеткізе алады, энергияның әртүрін пайдалана алады", - деді ол.
Айта кетейік, Астана қаласында өтіп жатқан экономикалық форум кезінде Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы экономисі Христос Костопулос Қазақстанның мұнай қорындағы таза қаржы активтері өте жылдам таусылуы мүмкін екенін айтқан. Оның түсіндіруінше, егер мемлекет экономикалық саясатын өзгертпесе және мұнай қорының жаңа транзакциялары енгізілмесе бұл болжам іске асуы ғажап емес.