Бүгін Ресей Президенті Владимир Путин Сочи қаласында Германияның федералды канцлері Ангела Меркельмен кездеспек. Кремль ұсынған мәліметтерге сүйенсек, басшылар екі ел арасындағы қарым-қатынасты, яғни энергетикалық, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Бұдан бөлек Таяу Шығыста болып жатқан жағдайлар мен терроризм жайын және осы жылдың шілде айында Гамбург қаласында өтетін G20 саммиті туралы қысқаша сөз қозғамақ.
Айта кетейік, Германия канцлері соңғы рет Ресей еліне 2015 жылдың 10 мамырында келген. Ресейдің Еуропалық одақпен, әсіресе Германиямен саяси жағдайы 2013 жылы Украинадағы дағдарыс басталған сәттен бастап нашарлай бастаған. Ал 2014 жылы Қырым Ресейге қосылған соң екі елдің өзара қатысы мүлде ушығып кетті. Меркель болса Украинадағы жағдайға араласып, оны бейбіт түрде шешуге тырысуда.
Globaltimes.cn сайтының мәліметінше, Меркельдің Сочиге бүгінгі сапары да осы мәселеге қатысты болуы мүмкін. Ол Сочиге келу арқылы бейбіт келіссөз жүргізбек. Бірнеше апта бұрын ол осындай мақсатпен Украина Президенті Петр Порошенкомен де кездескен.
Бұдан бөлек, Меркель Ресейге келу арқылы аталған елге салынған еуропалық санкцияны жеңілдетуге болатын-болмайтынын шешіп алғысы келетін сияқты. Еске сала кетсек, 2016 жылдың 15 желтоқсанында Еуропалық кеңес Ресейге қарсы санкция мерзімін 31 шілдеге дейін ұзартқан. Енді жаңа шешім маусым айында қабылдану керек. Дегенмен әзірге санкцияның алынуына негіз болатын ешбір белгі жоқ.
Неміс канцлерінің Ресейге келуіне Германиядағы басқа да саясаткерлердің ықпалы болуы мүмкін. Себебі Баварияның премьер-министрі Хорст Зеехофер санкция саясатымен келіспейтінін айтқан және ол бұл туралы наурыз айында Мәскеуге іс-сапары барысында мәлімдеген. Financial Times агенттігі Бавария премьерінің Ресейге келуін «Меркельді арнайы шақыру» деп бағалаған. Ал Германия канцлері федералды сайлау жақындап келе жатқандықтан Зеехофердің әрекетіне тосқауыл бола алмайтыны белгілі.
Сондай-ақ, кейбір басылымдар Меркель Путинмен кездесу арқылы халықаралық істерде Ресеймен қайта ынтымақтасу үшін үлкен мүмкіндіктерді қайта қарамақ. Тіпті маусым айында Ресейге қатысты санкция мерзімі ұзартылған күннің өзінде бүгінгі кездесу Меркельдің қайта Германия канцлері болып сайлануына қолдау болуы мүмкін.
Маржан Нүсіпбек
The Qazaq Times