Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Сирияда атысты доғару жөніндегі уағдаластықтар туралы Мәлімдемесі жарияланды деп хабарлайды «The Qazaq Times» ведомствоның сайтына сілтеме жасай отырып.

Мәлімдемеде, Сыртқы істер министрлігінің Сирия Араб Республикасының барлық аумағындағы атысты доғару және үкімет пен қарулы оппозицияның Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасы кепілгерлер болып шығатын бейбіт келіссөздерді бастауға әзірлігі туралы уағдаластықтарды құптайтыны жайлы айтылған.

Сондай-ақ, «Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция арасындағы атысты доғару туралы», «Атысты доғару режиміне бақылау жөніндегі шаралар кешені туралы», «Сириялық реттеу жөніндегі бейбіт келіссөздерді бастауға әзірлік туралы» үш құжатқа қол қойылуы сириялық дағдарысты шешу жөніндегі іс жүзіндегі әрекеттер үшін шынайы негіз болуға қабілетті деп санаймыз.

Жоспарды Біріккен Ұлттар Ұйымы және Араб Мемлекеттері Лигасының арнайы өкілі Стаффан де Мистура мен Сирияда ұрыс әрекеттерінің тезірек доғарылуына мүдделі басқа тараптар қолдағаны маңызды.

Осыған байланысты тиісті келіссөздерді Астанада өткізуге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жария еткен әзірлігімізді растаймыз. Келіссөздерді өткізу тек атысты доғару режимін жоспарлы түрде сақтау жағдайында ғана мүмкін болатынын түсінеміз.

Соңғы уағдаластықтардың Сириядағы толыққанды саяси үдерісті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 (2015) қарарына сәйкес қайта жаңғыртуға мүмкіндік беретініне сенеміз.

Қазақстан әрі қарай да халықаралық қауымдастықтың тиісті күш-жігерлеріне, соның ішінде 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2018 жылдың 31 желтоқсаны аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде ықпал етуге әзір» делінген.

 

Астана, 30 желтоқсан 2016 жыл