Әлемдік БАҚ Түркия мен Голландия арасында саяси жанжал туылғанын хабарлауда. Голландиядағы Түркия бас елшілігінің алдында мыңдаған түркиялық азаматтар ереуіл жасау барысында жергілікті полицейлер күш көрсетіп, түркиялық азаматтарды шарлаушы иттерге талатты деп хабарлайды Түркия Радио-Телевизия орталығының ресми сайты.
Анадолы ақпараттық агенттігінің хабарына қарағанда, кеше Түркияның Голландиядағы бас елшілігінің алдында түркиялық азаматтардан мыңдаған ереуілшілер ереуілге шыққан. Олар Голландия үкіметінің түрік министрін өз елшілігіне кіргізбей саяси жанжал тудырғандарына, Түркия азаматтары мен министрлеріне ұстаған позициясына өз қарсылықтарын білдірген. Голландия тәртіп сақшылары атты полицейлерді және шарлаушы ит ерткен полицейлерді ереуілді таратуға жұмылдырған. Нәтижеде түркиялық 7 азаматты ит талап жараланған, 12 азамат полицейлерге қарсылық жасады деген себеппен қолға алған.
Түркия үкіметі, Түркия президенті мен министрлері Голландияға күшті наразылықтар мен ескертулер жасап, ашық түрде жазбаша кешірім сұрау хатын талап етіп отыр. Әсіресе, түрік президенті Режеп Тайып Ердоғанның аса зілді сөздермен Голландия үкіметіне ескерту жасауы, екі ел арасындағы саяси жанжал салмағының ауырлығын көрсетті. Түрік президенті сөзінде: «Сайлау науқанындағы уайымы үшін, екі ел арасындағы ынтымақты бұзғысы келсе, бұл үшін өкінетін болады. Біз әлі не істейтінімізді білмейсіздер, біз осының бәрін жауапсыз қалдырмаймыз. Менің министріме, депутатыма бұл жиіркенішті әрекетті жасағандарыңызға әлі-ақ өкінетін боласыздар. Менің азаматтарымды ат кеудесімен соғып, итке талатқандар ең ауыр қарсылыққа ұшырайтын болады», – деген зілді пікірін білдірді.
Ал Түркия сыртқы істер министрі дипломатия дағдарысын тудырған Голландиядан жазбаша түрдегі ашық кешірім сұрау хатын талап етті. Түркия сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу: «Тек қана, кешірім сұрау хаты жеткіліксіз. Біз басқа да қарсылық шарасына барамыз. Ендігі жерде Голландия өкілетті және ерекше елшісі Түркия шекарасына кіре алмайды», – деді. Ол және «Вена» келісімінің тапталғанын атап айтқан Еуропа Адам құқықтары сотына қоса барлық халықаралық құқық ережелері аясында күресетіндерін білдірді. Өзге Еуроодақ елдерінің бұл оқиғаға қаратқан жауабын күтетінін білдірген Чавушоғлу Голландияда 15 наурыз күні өтетін сайлауда нәсілшіл саясат қайраткері Виндерстен дауыс алу үшін бұл әрекеттің түріктерге қарсы жасалғанын атап көрсетті.
“The Qazaq Times”