Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан, VIII Қысқы Азиада ойындарында Қазақстан медал саны бойынша үздік үштікке де іліге алмады. Бұл туралы vesti.kz  хабарлайды.

20 ақпан күні Қазақстан қоржынына жалғыз-ақ жүлде салынған. Шаңғышымыз Елена Коломина  спринт (классика, 1,4 км)  түрі бойынша  екінші орын алып, елімізге алғашқы жүлде сыйлаған болатын.  Әзірге екі күннің нәтижесі бойынша, жалпы есепте 14 жүлде (5 алтын, 3 күміс, 5 қола) иеленген Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Одан кейінгі орында 12 жүлдемен (3-5-4) жапондықтар тұр. Ал үшінші орынға 9 медалмен (3-3-3) Қытай елі  тұрақтаған.

Еске сала кетейік, VIII Қысқы Азиада ойындары жапониялық Саппоро қаласында 19-26 ақпан аралығында өтеді. Спортшылар спорттың 11 түрінен жарысып, 64 медал үшін сынға түспек.

VII Қысқы Азиада ойындарының 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өткендігін айта кетейік. Ол кезде Қазақстан жалпы есепте 32 медаль иеленіп, бірінші орын алған.

«The Qazaq Times»