Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақ құрамынан шығу туралы шешімі әлемде бірқатар мәселелер мен саяси лексиконға өзгерістер әкелді. Санаулы уақыт аралығында британиялық Brexit келісімі тек қана экономикалық емес, миграциялық дау-дамайдың артуына әкеп соққан. Әрі, ЕО құрамымен қабылданған «50 бап» талаптарына да әсер етті. Ұлыбританиядағы ішкі көші-қон мәселесі ел аумағына ғана салқынын тигізбейтін болғандықтан, Еуроодақты да алдағы жылдары бірқатар қиындықтар күтіп тұр.

Күні кеше жаңадан сайланған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Елизавета патшайымнан парламенттің жұмысын бес аптаға тоқтатуды ұсынды. Енді келесі аптадан бастап парламент 14 қазанға дейін уақытша демалысқа кетеді. The Guardian және ВВС сарапшыларының пікірінше, Ұлыбритания парламентіндегі өзгерістер Еуропалық одақ байланысына тікелей қатысты, әрі бұл қадам елдегі саясатындағы «әрекетсіздіктің» белгісі.

Бастапқыда Brexit Африка, Азия елдерінен және Еуропаның «артта қалған» мемлекеттері саналатын Польша, Румыния, Балтық бойы елдерінен босқындарды қабылдамау және көші-қон секторындағы талаптарды қатаңдату мақсатында қолға алынған. Кейіннен миграицялық мәселені шешу жолындағы мақсат саяси аспектілерге ұласты. Мұндағы аспект деп отырғанымыз, Германияның Еуропалық одақтағы доминантты рөлге ие болуы еді. Британия 2016 жылы Brexit бойынша жаңа референдум қабылдап, мигранттарды «аулақ ұстау» жөнінде бас қатырып жүргенде, Германия канцлері Ангела Меркель «мигранттар үшін құшағымыз ашық» деп ұран тастады. Ал Еуропалық одақтың о бастан алға қойған мақсаты халықаралық қауіпсіздік, адам құқығы және теңдік мәселесі болатын. Осыдан кейін ГФР Еуроодақтағы айқын басымдыққа қол жеткізіп, «салқын саясат» ұстанған Британия бір көш артта қалған.

Сепаратизм: Салқын саясат салдары

Референдум күшіне енгеннен кейін, елді саяси кризис лебі шарпып өтті. Премьер-министр Тереза Мэй өз еркімен отставкаға кетіп, парламент мүшелері ауысты. Еуропалық интеграциядан көмек күтетін британдықтар Лондонда бірнеше мәрте наразылық шерулерін ұйымдастырып, Британия билігі екі топқа бөлінді. Мұның арты экономикалық регреске ұласқан. Мәселен, соңғы екі жыл ішінде фунт стерлинг көлемі 2009 жылғы наурыздағы ең төменгі көрсеткішке жетті.

Brexit шешіміне қарсы ұйымдастырылған наразылық акцияларының бірі. Фото: https://g1.nh.ee

Ұлыбритания ЕО құрамынан шыққаннан кейін, одақты біршама өзгерістер күтіп тұр. Көлемі және деңгейі жағынан негізгі күш саналатын Британиямен қош айтысу жалпы Еуропалық одақтағы елдер үшін оңай соқпасы мәлім. Маңызды одақтасына қатысты мәлімдеме жасаған Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эммануэль Макрон да «біраз уақыт қиындықтарға төтеп беруге тура келеді» деген. Америкалық финансист, инвестор Джордж Сорос «Brexit – нағыз катастрофа» дейді сұхбатында. Себебі, дәл осы келісім Еуропалық одақтың дамуын бәсеңдетіп, биржадағы цифрлардың құлдырауына әкеп соғады.

Негізінен Brexit бойынша келіссөздер 2017 жылдан бері жалғасып келеді. 2016 жылғы референдум бойынша Ұлыбритания 29 наурызда Еуропалық одақ құрамынан шығуы тиіс болатын. Алайда, тараптар ортақ келісімге келе алмағандықтан, Brexit уақыты екі рет кейнге шегерілген. Таяуда мәлім болғандай, ресми Брюссель Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан 31 қазанда шығатынын айтты. Бұл қадам да кезекті мәрте сәтсіз аяқталса, Британия одақ құрамынан келісімшартсыз шығуы тиіс. Егер Британия үкіметі ЕО-мен кедендік және қаржы саласында жаңа келісімшарт жасасса, айтарлықтай жеңіске жетеді. Алайда, Солтүстік Ирландиямен шекара мәселесін біріздендіре алмай отырған Ұлбыртанияның одақсыз басталатын алғашқы жылдары экономикадағы «тар жол, тайғаққа» ұласпақ.

"The Qazaq Times"