Құрама Штат президенті Дональд Трамптың Азия-Тынық мұхит елдеріндегі алғашқы сапары Жапониядан басталады. Токиода Жапонияның премьер-министрі Шинзо Абемен кездесіп, келіссөздер өткізеді. Екі ел басшыларының кездесуінде АҚШ пен Жапония арасындағы сауда келісімі басты тақырып болады деп күтілуде. Бұл туралы «People» басылымы хабарлады.

Ақпарат көздерінің мәліметіне қарағанда, Трамп 5 қараша күні Токиоға жетіп, аймақтағы алғашқы сапарын бастайды. Сол күні Шинзо Абе мен Трамптың кеңесі гольф алаңынан басталады.  6 қараша күні екі ел үкіметінің жоғары дәрежелі келіссөз отырысы болмақ. АҚШ жақ екі ел арасында сауда-экономика мәселелеріндегі қайшылықтардың шешім табуына барынша назар аударып отырғанын айтады.

Жапонияның премьер-министрі Шинзо Абе биылғы жылдың ақпан айында алғаш рет Трамппен кездескен болатын. Сол кезде ол сауда теңгерімінің көтерілуіне наразылық білдірген. АҚШ вице-президенті мен Жапонияның вице-премьері екі ел арасындағы сауда келісімді дамытуды жарты жыл бұрын қолға алған еді.

Жапония ақпарат құралдарының хабарына қарағанда Трамп екі ел арасындағы сауда айырбас көлемін 70 млрд АҚШ долларына жеткізуді үміт етеді. Дегенмен, Жапония жақ сырттан кіретін автокөлік саудасына тосқауыл қойған. Онсызда АҚШ автокөліктерінің Жапониядағы нарығы тым төмен. Ал, Трамп үміт етіп отырған сауда көлемінде автокөлік саудасы да қамтылған. Екі ел арасындағы осындай бірнеше қайшылық алдағы келіссөзде шешім табуы қиын болмақ.

Айта кетейік, Трамп билікке келгелі бері АҚШ-тың көпжақты сауда келісімін барынша тежеп, елдермен екіжақты келісімдерді жүзеге асыруды қолдап келеді. Азия сапары кезінде Трамп барған елдермен сауда-экономикалық келісімдерді жүзеге асыруға тырысады. Тек ол ғана емес, Солтүстік Корея мәселесінде де бұл елдермен келісімге келуге күш салатын болады.

“The Qazaq Times”