Сәуірдің 4-5-і аралығында Шавхат Мирзияев Өзбекстан президенті ретінде Ресейге өзінің ең алғашқы ресми сапарын жасады. Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі барысында  Мәскеу мен Ташкент арасында жалпы құны 16 млрд долларды құрайтын келісім-шарттарға қол қойылған. Кремль өзбек еліне 12 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға келіскен.

Ислам Кәрімовтың тұсында жабық есік режимін ұстанған Өзбек елінің жаңа президентінің бұл сапарына ресейлік сарапшылар оң баға беруде. Осыған дейін Өзбекстанның жабық саясатын сынап келген Кремль сарапшылары неге өзгеріп сала берді? Мәскеудің  өзбек президенті Шавхат Мирзияевқа құшағын айқара ашуының сыры неде? Бұл Владимир Путин тарапынан жасалып жатқан «қайырымдылық акциясы ма»? Әлде Өзбек елін кедендік одаққа кіргізудің алғы шарттары ма?

Естеріңізде болса, Қырғызстанды Одаққа кіргізер алдында да осыған ұқсас қадамдар жасалған болатын. Астана, Бішкекке  Кедендік Одаққа кіруге көмектесу мақсатында 100 млн доллар көлемінде қаржы берген.  Бірақ, Өзбекстан мен Қырғызстанды салыстыруға келмейтіні анық. Ресми Ташкент, экономикалық жағынан да, геосаяси салмағы жағынан да Қырғызстаннан бәсі басым мемлекет. Ал, Өзбек елі мен Ресейдің жақындасуы Ақордаға ұнамауы мүмкін. Өйткені Орталық Азияда Қазақстанға бәсекелес бола алатын бірден бір ел, ол – Өзбекстан. Астанамен қатар Ташкенттің Кремльмен қарым-қатынасының жақсарғанын, АҚШ та қолдамасы анық. Уашингтонның Ауғанстанда орналасқан әскери базаларына, Ресейдің Өзбекстан арқылы жақындауы оларды да ойландырары хақ.

Не де болса, Шавхат Мирзияевтың Мәскеуге сапары Ислам Кәрімовтың ұстанған саясатын жалғастырмайтынын аңғартты. Өзбек ағайындардың алда қандай саяси қадамдарға баратынын уақыт көрсетер. Ал Ислам Кәрімовсыз Өзбекстанның, Ш.Мирзияев басқарған билігі басқашарақ екенін бүгіннен дәлелдеп жатыр.

“The Qazaq Times”