Дүйсенбі, мамырдың 18 күні таңертең Талдықорған қаласынан қазақ халқына танымал журналист-аға Бейсен Құранбек ауыр науқастан қайтыс болғаны жөнінде суыт хабар келді.

Қазақстандық белгілі тележүргізуші, ұлттық арнаның эфирінде бүгінгі қазақтың галереясын боямасыз көрсете білген "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

1971 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында туған Бейсен Құранбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған.  Еңбек жолын республикалық  "Спорт" газетінде, "Рахат", "31 арна", "Хабар", Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды.

2013-17 жылдары "Қазақстан" телеарнасында "Айтуға оңай" әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап "Қарекет" бағдарламасын жүргізген. Оның бағдарламаларында халықтың әлеуметтік мәселелері талқыланды, Бейсен Абайұлының өзі танымал тележүргізушіге айналды.

30 жылға жуық БАҚ саласында еңбек еткен "Қазақстан президенті сыйлығының иегері" (2006 жыл), "ҚР Мәдениет қайраткері" атақтарымен марапатталған. Алты алашқа есімі аяулы, бейнесі жарқын аға-журналистің жақын туыстары мен Қазақстан халқына қабырғамыз қайысып, қайғыра отырып көңіл айтамыз.

;feature=emb_title

Өзін "журналистиканың берілген жауынгері, ең үлкен баға - халықтың ықыласы" деп санайтын мәдениет қайраткерінің соңғы бейне сұқбаттарының бірі.

"The Qazaq Times"