Президент Тоқаевтың жарлығы бойынша Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалды.

Осы уақытқа дейінгі өңір басшысы болған Қуанышбек Ысқақов президент жарлығымен орнынан босатылды.
54 жастағы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысының тумасы. Ол Жамбыл атындағы жеңіл өнеркәсіп технологиясы институтын "экономист" мамандығы бойынша тәмамдаған. Ұзақ жылдар бойы еңбек министрлігінде вице-министр, 2009-2012 жылдары осы ведомствоның министрі, 2013-2014 жылдары вице-примьер, 2014-2019 жылдары мемлекет хатшысы, кейіннен премьер-министр орынбасары, 2019 жылдан бері мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы қызметінде болған.

Президент кеңесшісі Аида Балаева Гүлшара Әбдіхалықованың облыс әкімі боп тағайындалуы еліміздің тарихында елеулі оқиға болды деп санайды. Балаеваның айтуынша, "әйел басшы бола алмайды деген стереотип енді жоқ". Бұл пікірін Аида Ғалымқызы фейсбук парақшасында, әрине, орыс тілінде жазды.

"Гүлшара Әбдіхалықованың Қызылорда облысының әкімі боп тағайындалғаны еліміз үшін тарихи оқиға болды. Тұңғыш рет әйел адам аймақ тізгінін қолына алды. Меніңше бұл меритократияға қарай жасалған басты қадам, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамастын лайықты адамдар билікке келеді. Әйел облысқа басшы бола алмайды деген стереотип енді жоқ", - дейді ол.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғашқы әйел басшы ретінде Гүлшара Әбдіқалықованың келуін көпшілік "жуырда президент әйел болуының" алғышарт сигналы деп бағалап жатыр. Бұған дейін Алия Назарбаева продюсерлік еткен "Томирис" тарихи фильмі де қоғам арасында әртүрлі дискуссия туғызып еді.

Әлбетте, Қазақстан Конституция бойынша унитарлы әрі демократиялық бағыттағы зайырлы мемлекет. Бірақ солшыл белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері әлеуметтік желілерде мұның "Назарбаевтар отбасы тақталасқа түсуде" деген қауесет күшейген тұста жүзеге асуына күмәнмен қарайтынын айтуда.

"The Qazaq Times"